KZ
Өскемен
+14°
ясно жел 1 м/с, С
478.96 533.03 5.22

ШҚО білім басқармасы: «Көмекшілерге» алданып қалмаңыз!

Фото: depositphotos.com

13.08.2024, 12:40 83

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде «балаңызды балабақшаға орналастыруға көмектесемін» дейтін жағдайлар жиілеп кетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

ШҚО білім басқармасы мұндай хабарландыруларға сенбеу керектігін айтады.

Басқарманың ақпараты бойынша, 12 тамыздан бастап облыстың мектепке дейінгі ұйымдары balabaqsha.snation.kz порталында тегін бос орындарды жариялады. Осы портал арқылы ата-аналар бюллетеньдерге жауап беру арқылы балабақшаға жолдама алып, баласын бос орынға орналастыра алады.

Яғни, кез келген ата-ана порталдағы «Менің өтінімім» бөлімінде бос орындар бюллетенін көре алады. Қалаған балабақшада бос орындар болса, батырманы басып, сол орынды алуына болады.

­– Осыған байланысты әлеуметтік желілерде ақысына балабақшаға жолдама алып беруді ұсынатын «көмекшілер» жиілеп кетті. Біз ата-аналардан мұндай хабарландыруларға жауап бермеуді сұраймыз. Өйткені бұл арқылы ата-аналардың және балалардың жеке деректері үшінші тұлғаға мәлім болуы ықтимал, – дейді ШҚО білім басқармасының бас маманы Бақытгүл Қажыбекова.

Жолдама алуға қатысты сұрақтары болған жағдайда ата-аналар облыстық білім басқармасының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланған қалалық немесе аудандық білім бөлімдерінің телефон номеріне хабарласқаны жөн.

Бақытгүл Қажыбекованың айтуынша, қазір облыста 386 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Бүгінде 2-5 жастағы топтарға қабылдау жүргізіліп жатыр. Өскеменнің ЖМК ықшамауданында жаңа үйлер салынып, кеңеюіне байланысты кезек бар.

 

Жалпы облыс бойынша қазір 2-3 жастағы 2500 бала балабақша кезегінде тұр. Оларды толықтай қамту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Биыл Өскеменде бір балабақша, Ұлан ауданындағы балабақшада қосымша орындар ашылды.

Жыл соңына дейін тағы 5 балабақша ашу көзделіп отыр. Оның үшеуі Өскемен қаласында болса, екеуі Зайсан және Күршім аудандарында ашылады деп жоспарланып отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив