Батырханның болашағы алда
Фото: olympic.kz
Төртжылдықтың басты додасы саналатын олимпиада ойындары да аяқталды. Жерлесіміз Батырхан Төлеуғали Қазақстан құрамындағы олимпиада жолдамасын жеңіп алған ең жас спортшы болды. Ол небәрі 17 жасында таеквондодан лицензиялық турнирде топ жарып, Париж олимпиадасына қатысу мүмкіндігіне ие болған.
Батырхан Төлеуғали Париж олимпиадасының жолдамасына биылғы наурызда Қытайдың Тайань қаласында өткен лицензиялық турнирде қол жеткізген болатын. Ұлттық құрамадағы ең жас таеквондошы алғашқы жекпе-жегінде Акшай Худаны (Үндістан) айқын басымдықпен ұтып, ширек финалдан сүрінбей өткен. Шешуші айқаста Сауд Арабиясының өкілі Әли Мабрук әл-Мабруктан 2-0 есебімен басым түскен-ді.
Өкінішке қарай, Париж олимпиадасында Батырхан Төлеуғали ширек финалға шыға алмады. Алғашқы айналымда Мали елінің өкілі Исмаэль Кулибалиді ұтқанымен, 1/8 айналымда екі дүркін әлем чемпионы, италиялық Симоне Алессиодан ұтылып қалды. Отандасымыз тартысты жекпе-жекте тәжірибелі италиялық спортшыдан 0:2 есебімен есе жіберді.
Батырхан Абай облысындағы Аягөз ауданында дүниеге келген. Әкесі – әскери адам, анасы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ата-анасының жұмыс бабы бойынша Өскеменге көшіп келген. Осы жақта 8 жасынан бастап таеквондомен айналыса бастады. Кинодағы спорттық элементтерді қайталап, шпагатқа отырып, аяқпен тебуді өздігінен үйренген. Үйдегілер де қабілетін байқап, спортқа баули бастайды. Осылайша ол үшін таеквондо әлеміне жол ашылып, кәсіби тұрғыда айналысуға бел буды.
Қазақта «Жалғыздың үні шықпас» деген жақсы сөз бар. Осы уақытқа дейін Батырханның жеткен жетістігінің артында тұрған адам көп. Әуелі ата-анасының, алғашқы бапкерінің, Өскемендегі спарринг-серіктестерінің және ұлттық құрама спортшыларының, бас бапкер Нұрсұлтан Мамайдың қосқан үлесі орасан зор. Алдымен жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанып, көзге түсті. Содан соң Қазақстан спартакиадасында топ жарған соң, ересектер арасында Түркістанда өткен оқу-жаттығу жиынына шақырту алды. Ересектер арасында Түркия және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі турнирлерге қатысып, «Фуджейра оупен» додасында қола жүлдегер атанса, Түркияда жергілікті спортшыға есе жіберді. Испанияда өткен оқу-жаттығу жиынында 12 қарсыласпен спаррингтік кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Оның үлкен спорттағы даңғылы енді басталып жатыр. Тәжірибесі әлі де аз, бірақ шеберлігін арттыруға бар күшін салып жүр.