KZ
Өскемен
+1°
ясно жел 0,6 м/с, СШ
480.63 535.13 5.27

АЭС-ке қажетті отын өзімізде өндіріледі

Махаббат Ахметжанова

23.08.2024, 17:52 305 Жанаргүл Мұқатай

Әлемде қуат көзіне деген сұраныс жылдан-жылға артып отыр. Бұл үрдістен Қазақстан да шет қалмасы анық. Экономика дамып, өндірістің өрісі кеңейе түскен, зәулім үйлер бой көтеріп, ірі-ірі кәсіпорындар көбейіп жатқан бүгінгідей заманда энергия тапшылығы туындауы заңдылық. Ал осы күн тәртібінде тұрған күрделі мәселенің күрмеуін тарқатудың бір жолы атом электр станцисын салу. Әзірге стратегиялық нысанды салу туралы шешім қабылданған жоқ. Референдум биыл күзде өтеді.

Маңызды шешім қабылданар алдында қоғамда «Атоммен жұмыс істей аламыз ба?», «Елде атом мамандары бар ма?», «АЭС-ке қажетті отынды қайдан аламыз?» деген ауанда сұрақтар жиі туындап жатыр. Бұл сұрақтарға жауап алу үшін біз уран өндіруде 70 жылдық тәжірибесі бар «Үлбі металлургия зауытында» болдық. Өскемендегі «Үлбі металлургия зауыты» АҚ – атом электр станцияларына арналған ядролық отын өндіретін еліміздегі жалғыз кәсіпорын. Жуықта бірегей кәсіпорын облыстық және республикалық БАҚ өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырып, ядролық отын өндірісіндегі мүмкіндіктерін көрсетті.

БАҚ өкілдері тексерудің барлық кезеңінен, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтан өтіп, арнайы киім киді. Ары қарай «ҮМЗ» АҚ-ның уран өндірісіне барып, атом реакторларында қолданылатын жылу бөлетін құрамалар (ЖБҚ) үшін негіз болып отырған уран отын таблеткаларын дайындау үдерісімен танысты. Өскемендік кәсіпорын өнімдері әлемдік стандарттарға сай сертификатталған және бүгінгі таңда Солтүстік Америка, Еуропа және Азия елдеріне жеткізіліп жатыр.

– Қазақстан табиғи уран қоры бойынша Австралиядан кейін екінші орында тұр. Біздің ел осы бағалы ресурсты кен орындарының шамамен 13%-на иелік етеді және 2009 жылдан бастап әлемдік уран өндірісінің шамамен 40%-ын қамтамасыз ете отырып, жаһандық нарықта көшбасшылық орынды сенімді түрде сақтап келеді. 2021 жылдың соңында кәсіпорын аумағында жылу бөлетін құрамалар шығаратын зауыт іске қосылды. Осылайша бізде АЭС-ке арналған дайын отынның отандық және жоғары технологиялық өндірісі қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр, – деді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ядролық-отын циклі жөніндегі басқарушы директоры Әсет Махамбетов.

Сондай-ақ журналистер осындағы «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС зауытында болды. Осы жерден ҚХР-дағы серіктестеріне жеткізіліп жатқан ЖБҚ өндірісінің негізгі кезеңдерін көрді. Бұл – «ҮМЗ» АҚ мен Қытайдың China General Nuclear Power Corporation ядролық-энергетикалық корпорациясының еншілес компаниясының бірлескен кәсіпорны. Француз технологиясы бойынша өндірілетін жылу бөлетін құрамалар тапсырыс берушінің және МАГАТЭ-нің қатаң бақылауымен жасалады.

- ҮМЗ ғылыми орталығының құрамында төрт негізгі зертхана бар. Атап айтсақ, уран, тантал және бериллийді зерттейтін үш бейінді зертхана, сондай-ақ болашағы бар технологияларды терең зерттеумен айналысатын инновациялық зерттеулер зертханасы.

«Үлбі металлургия зауыты» – әлемде теңдесі жоқ бірегей кәсіпорын. Өйткені мұнда бір алаңда үш негізгі өндіріс орналасқан және Курчатов қаласында тау-кен байыту комбинаты бар, - деп түсіндірді ғылыми орталықтың басшысы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық экология және қауіпсіздік ғылымдары академиясының академигі Манарбек Қылышқанов.

«ҮМЗ» АҚ-ның басқарма төрағасы Сергей Бежецкий журналистерге  4 мыңнан астам қызметкер еңбек ететін зауытта уранмен жұмыс істеудің 70 жылдан астам тәжірибесі жинақталғанын, елеулі ғылыми және өндірістік база бар екенін атап өтті. Егер болашақта елімізде АЭС салынатын болса, оны қажетті шикізатпен қамтмасыз етуге «Үлбі металлургиялық зауытының» мүмкіндігі толық жететінін айтты.

– Атом станциясының құрылысы туралы мәселе оң шешілген жағдайда ҮМЗ оны өзінің ядролық отынымен қамтамасыз ете алар еді. Қазір зауыт француздық дизайндағы AFA3G жылу бөлетін құрамаларды шығарады. Егер отынның осы түрі сұранысқа ие болса, біз өндіріс көлемін арттырар едік. Ал енді басқа формат таңдалса, онда «ҮМЗ» отын таблеткаларын, яғни жылу бөлетін құрамаларды өндіруге арналған компоненттерді шығару арқылы да қамтамасыз ете алады, - деді ол.

«Қазатомөнеркәсіп» пен «ҮМЗ» әлемдік нарықтағы өз орнын одан ары нығайтуға ұмтылады және Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға бағытталған кез келген бастаманы қолдауға дайын. «ҮМЗ» басшылығы қажет болған жағдайда кәсіпорын қызметкерлері атом энергетикасы саласындағы білімі мен мол тәжірибесін бөлісуге дайын екендіктерін жеткізді. Ал олардың тәжірибесі мен білім-білігі қазіргі уақытта біздің елге өте қажет.

Білікті мамандарды қайдан аламыз?

Қазір елімізде АЭС құрылысына қатысты түрлі жиындар өтіп, қызу талқылаулар болып жатыр. Осы орайда «елімізде атом энергетикасы саласында жұмыс істейтін білікті мамандар бар ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Жобаны жақтаушылар мен оған қарсы тарап өздерінің дәлелдерін келтіріп, уәждерін алға тартуда. Мәселен, Facebook әлеуметтік желісінің пайдаланушысы, атом электр станциясын салу идеясын қолдайтындардың бірі Евгений Ермаков жақында жариялаған жазбасында осы мәселеге қатысты көзқарасын білдірген. Ол Қазақстанда ядрошы-мамандар даярлауға арналған база бар деп мәлімдейді.

Ермаковтың айтуынша, Ядролық физика институтында (ЯФИ) көп жыл бойы кадрларды даярлау алаңы ретінде қызмет ететін ВВР-К зерттеу реакторы табысты жұмыс істеп келеді. Жергілікті жоғары оқу орындарында оқитын отандық жас мамандар осы реакторда практикалық дағдыларды игереді. Ермаков ВВР-К және АЭС өнеркәсіптік реакторының басқару органдары ұқсас екенін айтады, бұл ЯФИ базасында ядрошы-инженерлерді толыққанды даярлауға мүмкіндік береді.

– Қазірдің өзінде ЯФИ мен еліміздің жетекші жоғары оқу орындары арасында осындай мамандарды даярлау туралы келісімдерге қол қойылды. АЭС құрылысының ұзақтығы 10-12 жыл болғандықтан, осы уақыт ішінде жеткілікті мөлшерде мамандар даярланатын болады, – деп атап өтті ол.

Ермаков сондай-ақ соңғы 20 жыл ішінде ЯФИ-де Ядролық және физикалық қауіпсіздік, радиациялық қорғау және басқа да бағыттар бойынша мамандар даярланып жатқанын айтты. Бұл Қазақстанда атом энергетикасын дамыту үшін қолайлы жағдай туғызады.

Оптимистік болжамдарға қарамастан қоғамда қарсы пікірлер де бар. Жобаға қарсылар экологиялық тәуекелдерге, қауіпсіздіктің ықтимал қаупіне және құрылыстың қымбаттығына назар аударады. Сонымен қатар елдің осындай күрделі және жауапты жобаға дайындығына бәрі бірдей сенімді емес.

Атом электр станциясын салу мәселесі Қазақстандағы ең ірі пікірталастардың бірі болып қала береді және түпкілікті шешім қандай болатыны туралы айтуға әлі ерте. Алайда қазірдің өзінде бір нәрсе анық: нәтижеге қарамастан, кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі осы күрделі пікірталастың негізгі бөлігіне айналады.

 

«Үлбі металлургиялық зауыты» акционерлік қоғамына биыл 75 жыл толып отыр. Ол 1997 жылдан бері «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ құрамына кіреді. Кәсіпорын құрамында уран, бериллий және тантал сияқты ірі металлургиялық өндірістер кіреді, сондай-ақ қосалқы бөлімшелердің дамыған инфрақұрылымы бар.

 

Зауытта атом реакторларында қолданылатын жылу бөлгіш құрамалар (ЖБҚ) негіз болатын уран таблеткалары өндірілед. Ал 2021 жылдың соңында кешен аумағында ЖБҚ өндіретін зауыт іске қосылды. Бүгінде мұнда шығарылып жатқан өнімдер Қытайға жеткізіледі.

 

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив