KZ
Өскемен
+1°
ясно жел 0,6 м/с, СШ
480.63 535.13 5.27

Мектептерде жасанды интеллект зертханасы ашылады - ШҚО

Евгений Щетников

23.08.2024, 09:54 184 Ләззат Қанатқызы

Шығыстың бас шаһарында үш жүзден астам педагог қатысқан дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. «DIGITAL KAZAKHSTAN: жаңа замандағы білім беру» тақырыбында өткен кеңесте білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы пысықталды.

Алқалы жиында білім саласындағы мәселелер сөз болып, оларды шешу жолдары талқыланды. Сонымен қатар былтырғы оқу жылының жетістіктері мен жаңа оқу жылындағы іс-жоспарлар айтылды. Кеңеске қатысушыларды бейнебайланыс арқылы оқу жылының басталуымен оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев құттықтады.

Басты назарда – қауіпсіздік

Қазір өңірімізде 2-3 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 98,7% болса, 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту 100%-ға жетіп отыр. Осы жылдың соңына дейін тағы 1973 орын ашу жоспарланған. Облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұрымбет Сақтағанов мемлекеттік-жекешелік серіктестік арқылы бүлдіршіндерді балабақшамен толық қамтамасыз ету керектігін атап өтті.

Бүгінгі таңда облыста білім беру саласы жыл өткен сайын қарқынды дамып келеді. Апатты және үш ауысымдағы білім беру мекемелері жоқ. Бірақ оқушы орындарының тапшылығы бар екені рас. Аймақта жаңа білім мекемелері бой көтеріп жатыр. Биыл жергілікті бюджет есебінен Өскемен, Зайсан қалаларында және Жаңа Бұқтырма кентінде 600 орындық мектеп салынып, қолданысқа беріледі. Былтырдан бері «Жайлы мектеп» жобасы бойынша жеті жалпы білім беру мекемесінің құрылысы жүріп жатыр.

Атап айтсақ, Өскеменде 1500 орындық үш мектеп, Риддерде 600 орындық бір мектеп, Шемонаихада 300 орындық бір мектеп, Глубокое ауданында 600 орындық екі мектеп бой көтереді.

Облыста жалпы сомасы 932,1 миллион теңгеге жеті білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізілуде, оның ішінде алдағы оқу жылы басталғанға дейін бес мектептегі жұмысты аяқтау көзделген. Тағы екі нысан 2025 жылға ауысады. Осы орайда ауыспалы жобалар оқу процесін ұйымдастыруға әсер етпейтінін айту керек.

Қазір жылыту маусымы кезінде білім беру ұйымдарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Бұл ретте облыстағы 343 мектептің 91-і орталық, 252-сі автономды жылыту жүйесіне қосылғанын айтқан абзал. Барлық 97 мектеп қатты, сұйық және газ отынын жеткізу жөнінде келісім жасады.

– Облыста 343 мектеп бар, алдағы 1 қыркүйекте аталмыш білім ордаларына 98 мың бала барады. 1 сәуірден бастап балаларды бірінші сыныпқа қабылдау жүріп жатыр. Бүгінге дейін жоспарланған 9670 баланың 9237-сі (95,5%) қабылданған. Жаңа оқу жылында 12 мың мектеп мұғалімі жұмысқа кіріседі, - деді облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева.

Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылған. Мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің бәрінде бейнебақылау жүйесі орнатылған.  

– Мектептердің 98,5%-ы дабыл жүйесімен қамтамасыз етілсе, турникетпен 100% жабдықталған. Дегенмен өрт қауіпсіздігін, спорт жабдықтарының қауіпсіздігін күшейтуіміз керек. Білім басқармасы жергілікті атқарушы органдармен бірге білім беру ұйымдарындағы балалардың қауіпсіздігін тұрақты бақылауға алсын, - деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.

Жаңа технологияны жастайынан игереді

Тамыз кеңесінде талқыға түскен тағы бір тақырып облыстың білім ордаларында жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктерін зерделеу. Облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева бұл бағыттағы нақты жоспарлармен бөлісті. Алдағы уақытта жалпы білім беру мекемелерінде нейрожелінің негізін зерттеп, зерделейтін зертхана ашу жоспарланған.  

- Цифрлық технология – бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан оны мектеп қабырғасында бастаған жөн. Ол үшін педагогикалық құрамды дайындап, балаларға жағдай жасау қажет. Шығыс Қазақстан техникалық университетінде бұл бағыт белсенді дамып келеді. Лу Бань шеберханасы соның бір мысалы. Дәл осындай шеберханалар мектеп қабырғасында да ашылуы керек. Облыс бойынша алғаш болып Шемонаиха ауданындағы мектептердің бірінде ашуды жоспарлап отырмыз. Кейін кезең-кезеңімен жалғастыра береміз. Біздің басты міндет - балаларға жасанды интеллект деген не және оны қалай игеру керектігін түсінуге көмектесу, - деп атап өтті облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева.

Қай ауданда мамандар тапшы?

Облыс бойынша орыс тілінде оқытатын кей мектептерде   математика, орыс тілі мен әдебиеті және бастауыш сынып мұғалімдерінің тапшылығы байқалады. Барлығы 132 маман жетіспейді, оның ішінде Алтай, Самар, Шемонаиха аудандары мен Риддер қаласында педагогтарға деген сұраныс жоғары.

– Өткен оқу жылында бұл мәселе мобильді және цифрлық мұғалімдер механизмін енгізу арқылы шешілді. Жаңа оқу жылында да осы тәжірибе өз жалғасын табады, - деді Иннеса Чернышева.

Айта кету керек, биылғы оқу жылында жалпы білім беретін мектептерде 12 мың педагог қызметке кіріседі. Жиыны 2614 педагог арнайы курста оқып, олардың 606-сы өздерінің біліктілік санатын арттырды.

Өңірде оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету үшін 450 млн теңге бөлінген. Облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышеваның айтуынша, жалпы білім беру мекемелерін оқулықтармен қамтамасыз ету орталықтан жүзеге асырылады.

  • Қажетті 148 725 дана оқулық пен оқу-әдістемелік кешенді сатып алу үшін 14 баспамен шарт жасадық. Олар 20 тамызға дейін кітаптарды жөнелтуі керек. Тамыздың 23-іне дейін мектепке жеткізіп, балаларға табыстаймыз, - деді білім басқармасының басшысы.

Кабинеттер жабдықталып жатыр

Өңірдің жалпы білім беру мекемелерінде материалдық-техникалық базаны жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Ел Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес, 2024 жылы 549,3 миллион теңгеге 45 пәндік кабинет сатып алу жоспарланған, оның 20-сы жеткізілді. 1 қыркүйекке дейін 13 кабинет, жыл соңына дейін тағы 12 кабинет жеткізіледі деп күтілуде. Оның ішінде физика, биология, химия, роботты техника, steam кабениеттері бар.

– Бірінші қыркүйекке дейін 12 кабинет, жыл соңына дейін тағы 12 кабинет жабдықталады. Бұл ретте ең әуелі қажеттілік туындап отырған білім ошақтарына басымдық беріледі. Содан кейінгі кезекте материалдық-техникалық базасы талапқа сай болмауы себепті мемлекеттік аттестациядан өтпеген мектептер жабдықталады, – деп түсіндірді Иннеса Чернышева.

Алқалы жиын соңында «Орта білім берудің үздік ұйымы – 2024» байқауының грант иегерлері марапатталып, педагогтарға «Ыбырай Алтынсарин» және «Шығыс Қазақстан облысының еңбек сіңірген ұстазы» төсбелгілері табысталып, «Шығыс Қазақстан облысының білім беру ісіне қосқан үлесі үшін» құрметті атағы берілді.

 

 

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив