KZ
Өскемен
+1°
ясно жел 0,6 м/с, СШ
480.63 535.13 5.27

Көшпенділер фестивалінің көрігін қыздырды

23.08.2024, 17:13 307

Жуықта Моңғол даласында көшпенділердің басын қосқан Дүниежүзілік көшпенділер фестивалі өтті. Оған Тайдж-Хайырхан алқабында өтіп, Қазақстан, Өзбекстан, Тайланд, Қырғызстан, Ішкі Моңғолия, Якутия, Түркия қатарлы мемлекеттерден келген өнерпаздар жиылды. Киіз туырлықты жұрттардың өнер тойына Тарбағатай ауданынан «Барқытбел» ансамблі қатысып қайтты.

Дүниежүзілік көшпенділер фестивалі барысында әр ел өзінің отыз минуттық өнер шашуын шашып, жиылған жұртты талантымен тамсандырды. «Барқытбел» ансамблі Бердікенің «Шашуын» дүбірлі тойға шашу етіп шашып, Кетбұғаның «Ақсақ құланын» күмбірлетті. Көрерменнің айрықша ықыласын тудырған «Дала сарыны», «Алтай, Алтай, Алтын Тау» атты толғауларды толғады. Ансамбль әншісі Аманжол, аспапшылар Назира, Мейрамбек, Назерке, Аманжол, Жансерік қатарлы өнерпаздар шетел сахнасында, мыңдаған көрермен алдында қазақтың қара домбырасының күмбірін, қыл қобыздың қоңыр үнін, жетігеннің әсем сазын құйқылжытып қазақ музыка өнерінің құдіретін паш етті. Фестиваль соңында Моңғолия үкіметі өкілдерінің, мәдениет министрінің қатысуымен гала концерт болды. Қортынды кеште «Барқытбел» этнотобы «Алтай, Алтай Алтын Тауды» орындап, кешке жиылған көшпенді жұрттың көңілін бір асқақтатып тастады. Ал той соңында Моңғолияның 21 аймағы мен шет мемлекеттерден келген өнерпаздар марапатталды. Біз Моңғол мәдениеті мен тарихы мың сан жылдар өтсе де  өзінің ұлттық болмысын жоғалтпағанына куә болып қайттық. Шетелден келген өнерпаздарға сонау 1287 жылдары: «Жан мен тәнім шаршаса да, жамағатым азбасын. Қара басым қажыса да, қағанатым тозбасын!» деп артына өлмес сөз қалдырып кеткен Шыңғыс ханның жарты әлемге ықпал еткен алып империясының «Яса»  (Ұлы жасақ заңдары) деп аталатын заңдар жинағы іспеттес орхон руна жазуымен жазылған дипломдар мен кәдесыйларды табыс етті. Осыдан-ақ олардың төл мәдениетіне ерекше ықыласы барын байқадық. Сан ғасыр өтсе де өздерінің байырғы жырларын үлкені де, кішісі де жырлап, түп түгел ұлттық киімін үстінен тастамаған, бізге жылы ниет білдіріп, қуана қарсы алып, отшашумен шығарып салған Моңғол еліне шексіз риза болдық.

Айтпақшы «Түбі бір түркі жұрты» деген тегін сөз емес екен. Фестивалға барған қырғыз бауырлармен өз ағайынымыз секілді шүйіркелессек, тәжіктер бізді көре сала қазақтар десіп, ал түріктер тіпті қуанып қауышып, қимай қоштасып жатты.

Шәкен Көпшікбаева

Тарбағатай ауданы.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив