KZ
Өскемен
-3°
пасмурно жел 6 м/с, ОБ
491.71 529.97 5.05

«Отау» және «Наурыз» ипотекалық бағдарламасына өтініш қабылдау басталады

12.09.2024, 15:53 150 Айжанат Бақытқызы

Отбасы банктің тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға қосымша қабылдау 16 қыркүйекте басталып, 25 қыркүйекті қоса алғанға дейін жалғасады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Қосымша қабылдауға бұған дейін «Отау» және «Наурыз» бағдарламаларына қатысушылардың негізгі тізіміне енбеген, дегенмен банктің тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға шешім қабылдаған азаматтар өтініш бере алады.

Бүгінде Отбасы банк «Отау» және «Наурыз» бағдарламаларының шарттарын бір жүйеге келтірген, яғни талаптары бірдей.

Енді бағдарламаға қатысушылар үшін:

- салымды жинақтау мерзіміне шарттар қойылмайды, депозитті қатысуға өтінім бергенге дейін ашуға болады;

- несиенің максималды сомасы ұлғайтылды – Астана, Алматы қалаларында 36 млн теңге және басқа өңірлерде 30 млн теңге;

- халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде есепте тұрған адамдар үшін сыйақы мөлшерлемесі 7%-ға дейін төмендетілді;

«Облыс бойынша 440 адам төлем қабылеттілігін өтуге сертификат алған. Бүгінде 140 адам төлем қабілетін растап, несиелерін рәсімдеді. Одан бөлек 95 салымшы пәтер таңдап жатыр. Өскеменде алғашқы нарықтағы, ал моноқалалар мен аудандарда екінші нарықтағы үйлерді де алуға болады»,-деді «Отбасы банк» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалы басшысының орынбасары Қаршыға Жақсылықов.

Оның айтуынша, 120 адам бағдарламадан бас тартқан. Себебі, төлем қабілетін растай алған жоқ немесе алғашқы жарнасын жинаған жоқ. Соған байланысты 16-25 қыркүйек аралығында 10 күн бойы қосымша өтініш қабылданады. Отбасы банк салымшыларын осы мүмкіндікті пайдалануға шақырады.

Банк мәліметінше, депозиттегі жинақтың ең аз сомасы 1 млн теңге. Бастапқы жарна 20 %. Несиелеу мерзімі 19 жылға дейін.

Ипотекалық бағдарламаға қатысуға өтінімді Баспана маркет порталында (otbasybank.kz) беруге болады.

 «Отбасы банкінен үй рәсімдеуге Зайсан қаласынан келдім. «Наурыз» бағдарламасы бойынша конкурстан өтіп, 30 миллион теңгеге жаңа үйден екі бөлмелі  пәтер алып отырмын. Отбасымда төрт балам бар, өзім әскери қызметкермін. Зайсандағы менеджерлер барлық құжаттарды реттеп берді, Өскеменге тек қол қоюға ғана келдім. Бұл бағдарламаның тиімділігі – бастапқыдағы 9 пайыз 4-5 жылдан кейін 4 пайызға дейін төмендейді»,-дейді Зайсан қаласының тұрғыны Ержан Қабиолдин.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив