KZ
Өскемен
+2°
небольшой проливной дождь жел 3 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

ШҚО-да колледж студенттері машина жасаудың инновациялық технологияларын оқиды

1.02.2024, 13:54 178 Оразай Жеңісұлы

Шығыс Қазақстан облысында колледж студенттері машина жасаудың инновациялық технологияларын зерделейді.

Бұл түлектердің еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Өскемен көпсалалы технологиялық колледжі бүгінге дейін сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары бойынша кадр даярлап келеді. Атап айтсақ, мұнда автослесарь, электромонтер, газ дәнекерлеуші, бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика слесарі, бухгалтер, аспаз, кондитер сынды мамандықтар бойынша 606 студент білім алады.

2019 жылы аталмыш оқу орнында заманауи жабдықтармен жабдықталған құзыреттілік орталығы ашылған. Бұл жерде студенттер іс жүзінде өндіріс процесінің негіздерін сезініп оқуға мүмкіндік алды.

– Құзыреттілік орталығында студенттер кәсіби практиканы меңгеріп қана қоймай, WorldSkills кәсіби шеберлік чемпионатына да дайындалады. Бұл байқауға оқу орны 2016 жылдан бері қатысып келеді. 2018 жылы біздің студенттер республикалық чемпионаттың жеңімпаздары атанды және «аспаздық іс» құзыреттілігімен «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша әлемдік аренада еліміздің атынан өнер көрсетті, – дейді колледж директоры Қажымқан Оспанғалиев.

Сондай-ақ бұл колледж дуальды оқыту жүйесінен де қалыс қалып жатқан жоқ. Биыл кәсіпорындардың өтінімдері бойынша мұнда 227 студент оқып жатыр.

Оқу орнына барған облыс әкімі Ермек Көшербаев оң нәтиже беріп келе жатқан дуальды оқытудың аясын кеңейту керек екенін айтты. Мәселен, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ жанынан құрылған Лу Бань шеберханасы автомобиль инженері мамандарын даярлауда жақсы әдіснамалық база бола алады. Облыс әкімі колледж бен шеберхана арасында ынтымақтастық орнату қажет екенін айтты.

- Өңірімізде Лу Бань шеберханасы ашылды. Студенттерді сол жерге апару керек. Бұл зертханада электрлі және гибридті көліктерге техникалық қызмет көрсету, диагностикалау және жөндеудегі жаңа технологияларды зерттейтін ТҚКС және корпустар бар. Болашақта мұндағы мамандар осындай технологиялармен жұмыс жасайды. Үрдістен қалмау үшін шеберханамен байланыс ортанып, жаңа бағдарламалар алу керек. Өйткені Лу Бань шеберханасы біз үшін ең бірінші әдістемелік орталық, – деді өңір басшысы.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу