Үрмелі аспап әр ауданда болуы керек
Қазақстан Республикасының Конституция күні қарсаңында облыс орталығында ұйымдастырылған үрмелі аспаптар оркестрінің фестиваліне өңірдің әр ауданынан өнер ұжымдары қатысқан болатын. Онда облыстың әр ауданында үрмелі аспаптар оркестрі болуы керектігі айтылып, халық шығармашылығы қолдауды қажет ететіні алға тартылды, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті ХVI сессиясында өңір басшысы Ермек Көшербаев мәдениет пен өнерді дамытуға айрықша көңіл бөлді. Өңіріміздің мәдениеті шарықтау үстінде. Осы жылдың басында «AstanaBallet»-те облыстық симфониялық оркестрдің концерті аншлагпен өткені белгілі. Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсы, «Mamma Mia» мюзиклінің премьерасы қойылды.
"Көркемөнерпаздар шығармашылығын дамыту үшін Өскеменде Риддер және Тарбағатай халық театрларының гастрольдері өтті. Облыстық драма театрының жанынан «Оперетта театры» бөлімшесі ашылды. Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай Өскеменде барлық өңірлік ұжымдардың қатысуымен үрмелі аспаптар оркестрінің облыстық фестивалі өтті. Бұл дәстүрге айналуы тиіс. Әр ауданның өзінің үрмелі аспаптар оркестрі болуы керек", - деп атап өтті облыс әкімі.
Айна Ескенқызы