Аяулы ұстаз “Құрмет” орденін иеленді
Облыс әкімі Ермек Көшербаев ел дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар шығысқазақстандықтарды “Құрмет” ордендерімен марапаттады. Солардың бірі - Гүлмира Ратайқызы.
Айта кетейік, Гульмира Ратайқызы 1986 жылы Қазақ қыздар мемлекеттік педагогикалық институтының “Кітапхана ісі” факультетін бітірген. Ал 2000 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің “Қазақ тілі және әдебиеті” факультетін тәмәмдаған. Алғашқы еңбек жолын Самар ауданы, Көкжота ауылындағы орта мектептің кітапханашысы және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. Бүгінде Жамбыл атындағы орта мектепте педагогикалық қызметін жалғастыруда. Мектептегі «Шабыт» клубының жетекшісі. Жалпы еңбек өтілі – 39 жыл. Гульмира Ратайқызы педагог-зерттеушісі категориясын алған. Оның оқушылары республикалық, облыстық байқауларда топ жарып жүр. Педагог тәжірибесімен бөлісуден ешқашан жалыққан емес.
2018-2019 оқу жылдарында аудан көлемінде 6 сынып оқушыларына арналған “Қазақ тілінің дидактикалық материалы” атты оқу-әдістемелік құралын шығарды. 2022-2023 оқу жылында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында “Біз оқыдық, сізге ұсынамыз” атты республикалық кітапхана жобасының авторы.
Ажар Мұратқызы