ШҚО-да тұтынушыларға қайтарылған ақша екі есе өсті
pexels.com
Жыл басынан бері ШҚО Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтардан 671 өтініш қабылдаған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша департамент 23,6 миллион теңгеден астам соманы қайтарып берді. Өткен жылы 10,6 млн теңге қайтарылған, бұл екі есе көп.
ШҚО Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті ақпараты бойынша, өтініштер саны өткен жылмен салыстырғанда 57,6%-ға артық.
Өтініштердің көбейгені, әсіресе, онлайн-платформалар мен Telegram-боттар арқылы жасалған шағымдардың өсуі цифрландыру үдерістерінің халықпен өзара әрекеттесу барысында кең қолданысқа ие бола бастағанын көрсетеді.
Сонымен қатар, департамент тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында сот процестеріне белсенді түрде қатысуды жалғастыруда. Осы шараның нәтижесінде азаматтарға 16 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылды.