Шығыста сурдоспорт қарқынды дамып келеді
Шығыс Қазақстан облысының мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы сурдоспортшылардың санын арттыруды және олардың спорттық жетістіктерін нығайтуды мақсат етеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыста параспортшылармен салыстырғанда сурдоспортпен айналысатын спортшылардың қатары көбірек. Осы бағыттағы жұмысты дамытып, әрбір спортшының жетістігіне қолдау көрсету – ШҚО мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының негізгі міндеттерінің бірі.
Кездесу барысында Өскемен қызмет көрсету саласы колледжінің есту қабілеті нашар студенттері ел намысын қорғап жүрген сурдоспортшылармен сұхбаттасты. Спортшылар студенттерге өздерінің жеңіске жету жолдары туралы айтып, сурдоспортқа қатысты сұрақтарға жауап берді. Кездесуге қатысқан танымал спортшылар қатарында:
Антон Шадрин – сырықпен секіруден Қазақстан Республикасының күміс жүлдегері
Шадрин Антон Максимович - 17.05.2000 жылы туған, спорт шеберіне үміткер, жеңіл атлетикадан ҚР Ұлттық құрамасының мүшесі (сурдо). Сырықпен секіруден І Азия-Тынық мұхиты чемпионатының күміс жүлдегері (2023ж.), ғимаратта сырықпен секіруден ҚР чемпионы (2024ж.), сырықпен секіруден ҚР Чемпионатының күміс жүлдегері (2024ж.).
Айтолқын Ризабек – 2024 жылғы үстел теннисінен ҚР чемпионатының күміс жүлдегері
Ризабек Айтолқын Сейфоллақызы - 15.11.1993 жылы туған, ҚР спорт шебері, үстел теннисінен ҚР Ұлттық құрамасының мүшесі (сурдо). 2024 жылғы үстел теннисінен ҚР чемпионаты (2 орын аралас жұп, 3 орын әйелдер жұбы).
Александр Величко – таэквондошы
Величко Александр Владиславович - 26.08.1994 жылы туған. Қазақстан Республикасы Кубогының (дзюдо) қола жүлдегері. Қазір желтоқсан айында Астана қаласында өтетін таеквондо WT (сурдо) бойынша ҚР Кубогынына дайындалуда.
Айдидар Нұрмұхаметова – дзюдо спортында жаңа бастаушы спортшы
Нұрмұхаметова Айдидар Қалымқызы - 24.08.2006 жылы туған, 2024 жылғы 21-24 қараша аралығында Астана қаласында дзюдодан (сурдо) ҚР Кубогына қатысады. «Өскемен қызмет көрсету саласы колледжінің» КММ студенті.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысында қазіргі таңда 184 сурдоспортшы бар. Олардың басым бөлігі Риддер, Алтай, Өскемен қалалары мен Глубокое, Зайсан және Тарбағатай аудандарында жаттығып, облыстық және республикалық жарыстарға қатысып жүр.
Ақерке Рағызбаева
Фото: Аяужан Утеулинова