KZ
Өскемен
-3°
небольшой снег жел 3 м/с, Ю
527.23 544.05 5.05

Өңірде әлеуметтік қолдау мәселесі басты назарда

Фото: pexels.com

4.12.2024, 12:30 32 Гульжан Мусина

Елімізде азаматтарды жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныстануын ынталандыруға баса көңіл бөлініп отыр. Осы орайда облыста жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыскерлермен қамтамасыз ету мақсатында ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу есебінен еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығы жүзеге асырылады.

Мансап орталығы еңбек ресурстары ұтқырлығы бөлімінің мәліметінше, бағдарламаның басты шарты – үміткер жұмыссыз және тұрып жатқан өңірінде бір жылдан кем емес уақыт тұрақты тіркеуде болуы қажет.

Мансап орталығының ақпараты бойынша, былтыр қандастарды және қоныс аударғандарды квотаға қосу жөніндегі облыстық комиссияның шешімімен бағдарламаға қатысушылар қатарына 31 қандас отбасы енгізілген. Оның ішінде 24 отбасы Моңғолия Халық Республикасынан, үш отбасы Ресей Федерациясынан және төрт отбасы Қытай Халық Республикасынан.

Өскемен қаласына қоныс аударғандардың бірі – Сымбат Сембинова. Ол Жетісу облысы, Талдықорған қаласынан ұлымен бірге көшіп келген. Өз еркімен қоныс аудару бағдарламасымен танысқан ол Өскемен қаласы әкімдігінің Мансап орталығынан кеңес алып, қоныс аудару бағдарламасы бойынша өңірлік квотаға өтеді.

– Маған көшу шығындарын өтеуге 483 мың теңге субсидия түрінде материалдық көмек, сонымен қатар тұрғын үй сатып алу үшін 4 млн теңгенің экономикалық ұтқырлық сертификаты берілді. Оған баспана сатып алдым. Былтыр қараша айында «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқып, арнайы сертификатқа ие болдым. Нәтижесінде бизнес идеямды жүзеге асыруға мемлекет тарапынан 1 млн 380 мың теңгенің гранты берілді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Өскемен қаласында «Кофе с собой» атты кәсібімді ашып, отбасымды тұрақты табыспен қамтамасыз етіп отырмын, – деді Сымбат Сембинова.

Жұмыс күші артық және жұмыс күші тапшы өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздіктерді теңестіру бағытындағы бағдарлама аясында жыл сайын жүздеген отбасы баспаналы болып, тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

2024 жылдың басынан бері 16,5 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды. 2024 жылдың басынан бері 16 535 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы, 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 миллион 144,9 мың этникалық қазақ оралған.

Жыл басынан бері елге келген қандастардың басым бөлігі келесі елдерден:

45,9% – Қытай;

39,2% – Өзбекстан;

5,8% – Моңғолия;

5,2% – Түрікменстан;

2,8% – Ресей;

1,1% – басқа елдер.

1 қарашадағы дерек бойынша этникалық қоныс аударушылардың құрылымы:

57,4% – еңбекке қабілетті жаста;

33,2% – еңбекке қабілетті жастан кіші;

9,4% – зейнеткерлер.

Еңбекке қабілетті қандастардың білім деңгейі:

17,8% – жоғары білімді;

24,8% – орта кәсіби білімді;

54,4% – жалпы орта білімді;

3% – білімсіз.

Қандастар республиканың әртүрлі өңірлеріне қоныстанды. Әсіресе, еңбек күші тапшы өңірлерге ерекше назар аударылуда. Бұл өңірлер:

Ақмола;

Абай;

Қостанай;

Павлодар;

Шығыс Қазақстан;

Солтүстік Қазақстан облыстары.

2024 жылға осы өңірлерге қандастарды қабылдау квотасы 3 033 адамды құрайды. 1 қарашадағы жағдай бойынша 2 841 қандас қоныс аударды.

Қоныстанған қандастарға келесі мемлекеттік қолдау ұсынылады:

Көшуге субсидия:

Отағасына және отбасының әр мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге);

Тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтерге төлемдер:

Бір жыл ішінде 15-30 АЕК (55,3-110,7 мың теңге).

Қазақстан елшіліктері арқылы "бір терезе" қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру пилоттық жоба ретінде іске асырылды. Бұл жоба елге бармай-ақ, мәртебе алуға және жұмыс орны мен тұрғын үй мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда жаңа форматта 21 166 өтініш қабылданған.

Биыл 256 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алды. 2024 жылғы жағдай бойынша 72,7 мың отбасындағы 385,6 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 55,9 млрд теңге қарастырылған.

Бұрын хабарланғандай, АӘК-тің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.

АӘК мыналарды көздейді:

- табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70% - нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;

- табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. 2024 жылғы 1 қыркүйекте АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 119,5 мың балаға 3,7 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;

- жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.

ҚР азаматтары жұмыстан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорындағы қаражат есебінен жұмыстан шығу себептеріне қарамастан әлеуметтік төлем ала алады және бұл қаражат жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

 Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:

- eGov.kz порталында авторизациялану;

- «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;

- онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;

- бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы (бұдан әрі – МО) бос жұмыс орындарын ұсынады;

- егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады);

Бұл қызметті онлайн режимінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.

Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.

Айта кету керек, 2024 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан  жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 256,6 мың адамды құрады. Бұл ретте биыл 212,9 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Төлемдердің жалпы сомасы 70,6 млрд теңге болды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу