KZ
Өскемен
-19°
плотный туман Штиль
526.11 542.31 4.76

Білім саласы – аймақ дамуының негізі 

Фото: pexels.com

15.12.2024, 19:30 41 Гульжан Мусина

Білім беру – ұлттың келешегін қалыптастыратын басты салалардың бірі. Сондықтан да бұл салаға облыста тұрақты түрде ерекше назар аударылып келеді. Қазіргі таңда өңірде 344 мектеп жұмыс істейді, бірақ олардың 30-ы тозығы жеткен нысандар қатарына жатады.

Білім беру мекемелерін жаңғырту мақсатында жыл сайын 10 нысанды күрделі жөндеуге және 80 нысанның ағымдағы жөндеу жұмыстарына 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Ағымдағы жылы 287,2 миллион теңгеге 26 жаңа үлгідегі пән кабинеті орнатылды. Алдағы жылы бұл сан 45-ке жетіп, 549,3 миллион теңгеге қаржыландырылмақ. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 4 ауылдық мектеп жаңғыртылып жатыр, оған 1 миллиард теңге бөлінді. 

Білім беру инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында «Нұрлы жол» шағын ауданында 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл жобаға 3,8 миллиард теңге бағытталды. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Олардың 7-еуі өткен жылы, ал 3-еуі биыл басталды. Қосымша жергілікті бюджеттен 500 орындық 2 мектептің құрылысы аяқталуда. 

«Казцинк» компаниясының әлеуметтік жауапкершілік аясында Риддер қаласындағы «Шаңырақ» мектебіне арнап жаңа ғимарат салуда. Бұл жобаға 4 миллиард теңге бөлінді. 

Мемлекеттік тілді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жастар мен ересектерге қазақ тілін үйрету үшін 100 тіл үйрену орталығын ашу жобасы қолға алынды. Сонымен қатар, елімізде сәтті жүзеге асырылған «Қонақжай отбасы» жобасы аймақ тұрғындарына ерекше әсер қалдырды. Бұл жоба арқылы Өскемен, Риддер қалалары мен бірнеше аудандардан келген 100 бала Катонқарағай ауданының отбасыларында тұрып, қазақ тілін үйренсе, Зайсан мен Тарбағатайдан келген 20 бала Глубокое ауданы мен Риддер қаласының отбасыларында орыс тілін меңгерді.  

Шалғай ауыл мектептерін тұрақты әрі жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мәселесі де басты назарда. Осы мақсатта 165 «Starlink» спутниктік терминалы орнатылады. Қазіргі уақытта 28 шекара маңындағы мектепке интернет орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта кейбір қиындықтар туындағанымен, орталық мемлекеттік органдар мен «Starlink» компаниясының бас офисі бірігіп, шешімдер табу бойынша жұмыстар атқаруда. Бүгінгі күні 5 мектепте байланыс желісі жасалды, 8 мектепке терминал орнатылды, ал қалған нысандарда жұмыстар ай соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. 

Білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемі облыс бюджетінің 36%-ын немесе 198 миллиард теңгені құрайды. Бұл – білім беру саласының аймақ дамуының басты басымдығы екенін көрсетеді. Мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, жаңа нысандар салу және цифрландыру жұмыстары ұлттың болашағына салынған инвестиция деп сеніммен айтуға болады. Осындай жүйелі қадамдар арқылы өңір тұрғындары сапалы білім мен заманауи инфрақұрылымға қол жеткізеді. Білім беру саласындағы бұл реформалар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, жас ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз ететіні сөзсіз.

 Ержан Әбіш

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу