Риддерліктер Тәуелсіздік күнімен ерекше құттықтады (видео)
Тәуелсіздік күні қарсаңында риддерліктер мерекеге орай ерекше құттықтаулар арнап, көпұлтты өңірдің бірлігі мен берекесін көрсетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мереке күніне орай Риддер қаласында көптеген шаралар ұйымдастырылды. Мотосүйер қауым Қазақстан Республикасының әнұранын орындап, Мемлекеттік Туды ұлықтау акциясын өткізді. Акцияға 15 ұлт өкілінен құралған 20 адам қатысты. Шара қатысушылары бұл акция арқылы Отанына, елі мен жеріне деген сүйіспеншілігін жеткізді.
Бұдан бөлек, ұлттық киім киген 20 спортшы Қазақстанның көк байрағын желбірете отырып, «Эдельвейс» тауынан шаңғымен сырғанады.
Сонымен қатар, қаланың 150 конькишілері орталық мұз айдынына жиналып, «Менің елім - менің туым» акциясы аясында көк Туды желбіретті. Бұл риддерліктердің патриоттық сезімдерін тағы бір тулатты.
Жалпы Риддер тұрғындарының басым көпшілігі кәсіби және бұқаралық спортпен белсене айналысады. Алтай тауының бөктерінде орналасқандықтан қаланың ауа райы мен табиғаты қысқы спорт түрлерін дамытуға өте қолайлы. Сондықтан бұл өлкеде шаңғы, сноуборд, биатлон, конькимен сырғанау, альпинизм сынды спорт түрлерімен айналысатындар көп.
Риддерліктердің спорт түрлерін насихаттай отырып, жасаған ерекше құттықтаулары түрлі челлендж және тренд түсіруші барша қазақстандықтарға тамаша үлгі болды.
Ақерке Рағызбаева