Шығыста электромобиль құрастыратын мамандарды оқытып жатыр
Еліміздегі техникалық мамандық иелері мен инженерлердің ұстаханасына айналған Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында былтыр желтоқсанда Лу Бань шеберханасы ашылған. Бірегей орталық бұл күнде студенттердің теориялық білімін тәжірибеде жүзеге асырып, дағдыларын ұштай түсуге, автокөліктерге эксперимент жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.
Биыл ақпан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс өңіріне жұмыс сапары аясында Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың қызметімен танысып, Лу Бань шеберханасының оқу орталығында болған. Президент шеберхананың жұмысына оң бағасын берген.
Лу Бань шеберханасы екі зертханадан тұрады: Автомобильдердің инновациялық конструкциялары және Автомобильдердің SMART-технологиялары.
Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Әсия Машекенованың айтуынша, орталықтың бірегейлігі студенттердің практикалық дағдыларды алу және автокөліктерге сынақтар жүргізу мүмкіндігінде. Бұл жерде электромобильдер мен гибридті автомобильдерге техникалық қызмет көрсету және диагностика бойынша жаңа технологияларды игеруге айрықша мән беріледі. Өйткені қазір әлемдік машина жасау нарығында жетекші автоөндірушілердің қызығушылығы бензин немесе дизель отынымен жұмыс істейтін қозғалтқышы бар автокөліктерден электрлі көліктерге ауа бастағаны жасырын емес. Сарапшылардың пікірінше, ондағы басты себеп – электр қуатымен жүретін көліктерді қолдану экологиялық жағынан да, экономикалық жағынан да тиімді. Сондай-ақ мұнай өнімдеріне тәуелділік проблемасын шешуге септігін тигізеді.
Жоғары оқу орнындағы көлік құрастыру саласының инженерлерін даярлауға арналған шеберхананы Қытайдағы Тяньцзинь кәсіби институты толық жабдықтап бергенін айта кету керек.
«Zeekr» аязға төзімді ме?
Шеберханада жол қозғалысын интеллектуалды ұйымдастыруға арналған SMART үстел, гибридті автомобильдер мен электромобильдердің жұмыс істеу тәртібін үйретуге арналған оқу стендтері бар. Одан бөлек Бензин қозғалтқышы бар автомобильдерді жөндеу және диагностикалау, Дәстүрлі автомобиль жүйелерін симуляциялық сынақ, Техникалық жабдықтау, электромобильдер мен гибридті автомобильдерді жөндеу және диагностикалау, Автомобильдердің SMART-технологиялары сияқты зертханалар жұмыс істеп тұр.
Тәжірибе алаңында екі қытайлық көлік тұр — біріншісі электр қозғалтқышы бар электромобиль болса, екіншісі гибридті көлік. Студенттер қозғалтқыштардың ерекшеліктерін осы машиналар арқылы немесе электр қозғалтқышының принциптері мен параметрлері көрінетін арнайы стендтерде үйренеді.
Келесі стендте студенттер осы көліктердің қуаттағыш батареяларын зерттейді, онда диагностика және жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады. Тағы бір оқу-тәжірибе алаңы заманауи Қытай автомобильдерінің жарықтандыру жүйелерін зерттеуге арналыпты.
Техника ғылымдарының кандидаты, доцент Мұрат Мұздыбаев айтып өткендей, кейінгі жылдары елімізде қытайлық көліктер көбейіп келе жатқандығы рас. Қазір Қазақстанда электромобильдердің саны 6 мыңнан жоғары. Сондай-ақ «Zeekr», «Tesla» сияқты электромобильдер де келе бастады. Енді оларға қызмет көрсететін мамандар қажет болады. Университетте білім алып жүрген студенттер қазірдің өзінде қытайлық көліктерге диагностика жасай алады.
Қазір ел ішінде «аккумулятордың қуатымен жүретін электромобильдер біздің қатаң климатқа жармайды, қатты аязда оталмай қалады екен» деген сөздер айтылып жүргені рас. Алайда ғалым бұл әңгіменің негізсіз екенін айтады.
– Электромобильдердің аязға төзімділігін қамтамасыз ету үшін оны зарядтап отырады. Олардың арнайы функциялары, опциялары бар. Сол мүмкіндіктерді пайдаланғанда –40 градус аяз болса да автокөлік жылы қалпында қала береді. Еш қиындықсыз оталады, – деп түсіндірді Мұрат Мұздыбаев.
Мемлекет басшысы облысымызға жұмыс сапары барысында «Лу Бань шеберханасының» маңыздылығына тоқталып, оны еліміздің өзге өңірлерінде де ашу қажеттігін атап өткен болатын.
– Шеберхананың мақсаты - студенттерге теориялық білім беріп қана қоймай, заманауи қондырғыларда тәжірибелер жасау арқылы практикалық білім беру. Осы міндеттерін кезең-кезеңмен жүзеге асыру үшін ШҚТУ-дың 15 оқытушысы былтыр Қытайға барып, біліктілігін арттырып келді. Оқытушыларымыз биыл тағы да барып, тәжірибе жинақтайды. Алдағы уақытта университет базасында жасанды интеллектіге бағытталған «Лу Бань-2» және одан бөлек тағы бір шеберхана ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Әсия Машекенова.
Дәстүрлі автокөліктер сервисі – басты назарда
Қазір еліміздегі көлік құралдарының саны 5,1 миллионнан асады Соның ішінде 88%-ы жеңіл автокөліктер. Жеңіл автокөлік құралдарының ішінде жанармаймен жүретіні – 87,5%. Сондықтан, дәстүрлі автомобильдерге жоғары деңгейде сервистің қызмет көрсете алатын мамандарды даярлау да университет назарында.
Лу Бань шеберханасында студенттердің бұл бағыттағы тәжірибелік дағдыларын дамытуға арналған оқу алаңдары жабдықталған. Мысалы, зертхананың осы аймағында студенттер автоматты беріліс қорабын бөлшектеу және жинау әдісін меңгере алады. Сондай-ақ автомобиль дөңгелегінің геометриясын анықтауды үйренеді және көліктің негізгі агрегаты – қозғалтқыштың жүйелерін зерттей алады. «Haval» автокөлігінің қозғалтқышын бөлшектей отырып ақауды тауып, оларды жою жолдарын үйренеді.
– Бұл Қытай тарапы ұсынған өте жақсы база. Біз аудиторияда алатын теориялық білімімізді осы шеберханада іс жүзінде зерттей аламыз. Бұл керемет мүмкіндік. Әдістемелік құралдар орыс тіліне аударылған, сол арқылы беріліс қорабын жинап, бөлшектей аламыз, – дейді университеттің 3-курс студенті Диас Исаканов.
Автомобильдерің SMART-технологиялар зертханасының жұмысымен «Тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану» білім бағдарламасының магистранты Сәкен Оралбектің сөзінше, жасанды интеллект барлық салаға, соның ішінде автомобиль өнеркәсібіне де белсенді түрде енгізілуде. Заманауи технологиялар көлік қозғалысы тығыз қалаларда интеллектуалды көлік жүйесін енгізуге мүмкіндік береді. Лу Бань шеберханасының осы зертханасы SMART-технологияларды меңгерген білікті мамандарды даярлауға бағытталған.
Сәкен Оралбек түсіндіріп өткендей, SMART-автомобильдер сымсыз жүйелер арқылы бір-бірімен және жолдың инфрақұрылымымен, тіпті бағдаршаммен байланыса алады. Студенттер SMART үстелдің көмегімен алған білімінің негізінде болашақта жол қозғалысын ұйымдастыру SMART жүйесін құрастыра алады. Сондай-ақ заманауи автомобильдердің көбі жол қозғалыс қауіпсіздігін автоматты түрде қамтамасыз ететін интеллектуалды жүйелермен жабдықталған. Осы технологияны меңгеру үшін ADAS жүйесін зерттеуге арналған платформа да жасақталыпты.
Алпауыт кәсіпорындардың қызығушылығы жоғары
Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ академиялық қызмет департаментінің директоры Самат Байгереев айтып өткендей, шеберхананың тақырыбы қажеттіліктерді ескере отырып таңдалған.
– Елімізде қытай автомобильдерінің саны артып келеді. Сондықтан осы салада мамандар даярлау қажет. Қазірдің өзінде «Көлік, көлік техникасы және технологиялар», «Жол қозғалысын ұйымдастыру» білім беру бағдарламалары бойынша қазір 400 студент оқып жатыр. Студенттерді шеберханада оқытуға Қытай өкілдерін қосқанда 20-дан астам оқытушы қатысады. Біз бірлескен жобаларды іске асыруға ниет білдірген «Астана Моторс», «Allur», «QazTehna» сияқты ірі автозауыттармен белсенді ынтымақтасамыз, – деді Самат Байгереев.
Биыл шамамен 80 түлек жоғары білімді маман атанады. Лу Бань шеберханасында білім алып, білім-білігін жетілдірген түлектер автокөлік құрастыру зауыттарында, автомобильдерді сату және сервистік қызмет көрсету жөніндегі диллерлік орталықтарда, өнеркәсіптік кәсіпорындардың көлік цехтарында қызмет ете алады.
Сондай-ақ «Астана Моторс» компаниясы келер жылдың басында көлік зауытын ашпақ, онда да мамандарға деген сұраныс жоғары болады. Жалпы, техникалық университет түлектерінің 96 пайызы жыл сайын тұрақты жұмыспен қамтылып келеді.