ШҚО-да жұмысшы мамандар даярлайтын жаңа колледж ашылмақ
Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданында жұмысшы мамандар даярлайтын мектеп-интернат-колледжін ашу жоспарланып отыр. Бұл мекемеде жастарға техникалық-кәсіптік білім берілмек. Жаңа оқу орны 2025 жылдың қыркүйегінен бастап өз жұмысын бастайды. Бұл өз кезегінде тұрғындарды кәсіби оқытуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2025 жылы елімізде жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланған болатын. Ашылуы көзделген жаңа колледж қоғамға ауадай қажет жұмысшы мамандықтарын даярлауды мақсат тұтады.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев тұрғындармен кездесіп, аталмыш мекемеде тегін білім берілетінін, сондай-ақ жұмысшы кадрларды дайындау жастардың өңірден кетуін азайтатынын атап өтті.
Қазіргі уақытта Күршім ауданында 28 білім нысаны бар. Оның ішінде 22 мектеп пен 2 балабақша және 3 қосымша білім беру нысаны жұмыс істейді.
Кейбір білім нысандарының инфрақұрылымы қайта жаңғыртуды қажет етеді. Өткен жылы аудандағы 6 білім беру нысаны жөнделді. 2023 жылы 6 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оффтейк-келісімшарты аясында аудандағы Бірлік ауылында 50 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар 2025 жылы аяқталады деп күтілуде.
Білім беру мекемелерін қайта жарақтандыруға баса назар аударылуда. Биыл Күршімдегі Ю.А.Гагарин атындағы №1 орта мектебіндегі биология кабинеті қайта жабдықталды. Облыста мұндай 45 кабинет ашылды.
Тұрғындармен кездесу барысында Күршім ауылындағы балабақшаның құрылысы туралы кеңінен талқыланды. 2025 жылдың қаңтар айында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 120 орындық балабақша қолданысқа берілмек. Әскери бөлімнің аумағында орналасқан бұрынғы балабақшаның ғимараты сенімді басқармаға беріліп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Арайлым Орсаринова
Фото: Нелли Петенева