KZ
Өскемен
снег жел 9 м/с, Ю
525.11 546.74 4.88

Көлік-логистикалық хаб қалыптасуда

30.12.2024, 11:00 399 Гульжан Мусина

Жаңа жыл қарсаңында Күршім ауданына жұмыс сапарымен барған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев жергілікті халықпен кездесуінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Облыс әкімі көпшілік алдында өткен жылды қорытындылап, өңір тұрғындары үшін елеулі қоғамдық-саяси оқиғаларға тоқталып өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Жиында Ермек Беделбайұлы жергілікті тұрғындардың өміріне елеулі өзгерістер енгізген ерекше маңызға ие қоғамдық-саяси  оқиғаларды атап өтті. Соның арасында өңір басшысы 2024 жылы 6 қазанда өткен АЭС құрылысы бойынша халықтың 73%-ы қолдап дауыс беру нәтижесін, сонымен қоса өңірдің даму қарқынына жаңа серпін беретін Бұқтырма көпірінің ашылуына  тоқталды. 

- Жақында ел Президентінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының елімізді дамыту мен өркендету жолында жыл бойғы жасаған қызметіне қорытынды жасады. Сонда Бұқтырма суқоймасы арқылы өтетін көпір құрылысын ерекше атап өтті. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы бұл нысанның салынуын басынан бастап қолдап, қаржы мәселесінің оңды шешілуіне айрықша ықпал етті. Соның арқасында нысан уақытылы халық игілігіне беріліп отыр. 2024 жылдың 21 қазанында елімізде ғана емес, Орталық Азиядағы ең ұзын көпірдің (1316м) салтанатты түрде ашылу рәсіміне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Премьер-Министр Олжас Бектенов қатысты. Шығыс өңірі үшін стратегиялық маңызы зор нысан шекаралық аймақта орналасқан 150 мыңнан астам халқы бар жеті ауданды бір-бірімен жалғап қана қоймай, қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз етеді. Сонымен қоса, бұл көпір Қытай мен Ресей елдері арасындағы ең қысқа әрі жылдам көлік байланысын орната отырып, облыстың шалғай аудандарын - транзиттік аудандарға айналдыруға мүмкіндік береді, - деді облыс әкімі. 

Осылайша, Бұқтырма суқоймасы арқылы өтетін жаңа көпір мен Қытаймен шекарадағы “Майқапшағай”, Ресеймен шекарадағы “Уба” өткізу пунктін қоса алғанда, өңірде қуатты, көлік-логистикалық хаб қалыптасып келеді. Бұл ретте өңір басшысы көпір маңайындағы жол мәселесіне назар аудару керектігін тілге тиек етті. Ермек Беделбайұлы бұған қоса жолдың шет маңында жұмыс істейтін бекеттерді іске қосу қажеттілігіне тоқталды. Яғни аудан кәсіпкерлеріне ауданға келген жолаушыларды тамақтандыру жағын қарастырып, санитарлық-гигиеналық тораптарды салу жұмыстарын бастауды тапсырды. Аймақ басшысы бұл жұмыстарды жүзеге асыру кезінде ең алдымен көпшілікті тәртіпке, тазалыққа шақырудың маңыздылығын алға тартты.

Арайлым Орсаринова 
Фото: Нелли Петенева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу