ШҚО спортшысы бір додадан сегіз жүлде алып қайтты
Осыдан біраз бұрын жерлесіміз Нұрәлі Советханов Германия астанасы Берлин қаласында өтіп жатқан суда жүзуден тірек-қимыл аппараты зақымдалған жандар арасындағы Әлем кубогында алтын медаль жеңіп алғанын жазған болатынбыз.
Енді міне ол жүлделердің қатары тағы бірнеше медальмен толықты. Бірнеше дегенде, өскемендік жас спортшы 4х50 және 4х100 метрлік аралас жүзу, сондай-ақ 50, 100 метрге жүзу мен абсолюттік дәрежедегі 100 метрге брасс әдісімен жүзу сайыстарында күміс жүлдеге ие болса, S13 тәртібіндегі (брасс әдісі бойынша) бәсекеде мәре сызығын бірінші болып кесіп, алтын медаль иегері атанған.
Бұл – Нұрәлінің халықаралық аренадағы алғашқы жеңісі емес. Дарынды спортшы өткен жылғы бәсекеде бірден екі алтын жүлдеге қол жеткізген болатын. Сол кезде жерлесіміз 50 және 100 метрге брасс әдісімен жүзу сайыстарында топ жарған-ды. Ал биылғы доданың алғашқы күнінде эстафеталық сайыстың (4х50 метрге жүзу) алтынын жеңіп алған Нұрәлі артынша қоржынға тағы жеті медаль салды. Яғни бір ғана жарыстың өзінен сегіз жүлде алып қайтты. Осы ретте шығысқазақстандық спортшының мұндай жетістікке жетуіне бапкері Максим Филимонов зор еңбек сіңіргенін айту керек.
Жалпы, биылғы бәсекеге әлемнің 65 елінен келген 115 команда қатысыпты.