KZ
Өскемен
-9°
туман Штиль
503.61 524.96 5.58

Нұрымбет Сақтағанов: басқару стилі және негізгі жетістіктер

Altainews.kz
Altainews.kz
17.02.2025, 16:40 543 Төлеуғазы Жансая

Нұрымбет Сақтағанов Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Жаңа өңір басшысы несімен танымал және осыған дейін өзін қай қырларынан танытып еді? Тарқата тоқталсақ. 
Нұрымбет Сақтағанов – 30 жылдан астам мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеген тәжірибелі басқарушы.
Оның мемлекеттік қызметтегі жолы түрлі салаларды қамтиды – білім беру мен кеден қызметінен бастап, инвестициялық жоспарлау мен өңірлік басқаруға дейін. Бұл жан-жақты тәжірибе оған басқарушылық міндеттерді шешуде кешенді тәсілді қалыптастыруға мүмкіндік берді. Ол стратегиялық жоспарлауды күнделікті мәселелерді шешумен шебер үйлестіре алады. Сақтағанов – биліктің әртүрлі деңгейлерінде жұмыс істеуді білетін және күрделі міндеттерді тиімді шеше алатын адам.

Басқару жолы
Нұрымбет Сақтағанов түрлі мемлекеттік құрылымдарда қызмет етіп, баға жетпес тәжірибе жинады және мемлекеттік аппараттың барлық деңгейлерде қалай жұмыс істейтінін түсінді. Ол Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде, сондай-ақ Экономика және Еңбек министрліктерінде қызмет атқарған. Мемлекеттік инспектор лауазымында өңірлерді бақылауда ұстап, басқару әдістерін жан-жақты зерттеп, оларды жергілікті жерлерде қолдану мүмкіндіктерін қарастырды.
Аудандық және қалалық әкім қызметтерінде, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары ретінде Нұрымбет Аманұлы жергілікті мәселелерді шешуге бағытталған практикалық тәсілін қалыптастырды. Мысалы, Семейде ол қалалық инфрақұрылымды қалпына келтіруге басымдық берді, бұл оның мәселелерді көре білу және өзгермелі жағдайларда нақты шешімдер қабылдау қабілетін көрсетті.

Экономика және инвестициялар
Экономика министрлігінің сыртқы инвестициялар бөлімінің басшысы ретінде Сақтағанов бюджет қаражатын бөлу қағидаларын зерттеді. Бұл оған өңірлердің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қаржымен қалай жұмыс істеу керектігін түсінуге мүмкіндік берді. Осы тәжірибе, сондай-ақ ШҚО әкімінің бірінші орынбасары ретіндегі жұмысы оған өңірдің экономикалық дамуына, инвестициялар тартуға және қаржылық көрсеткіштерді жақсартуға басымдық беруге көмектесті.
Нұрымбет Сақтағанов әрқашан әлеуметтік салаға ерекше назар аударды. Еңбек министрлігінде ол көші-қон және халықты әлеуметтік қолдау мәселелерімен айналысты. Шығыс Қазақстан облысындағы қызметінде ауылдық елді мекендерді дамытуға және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған бастамаларды жүзеге асырды.
Негізгі жетістіктер

Шығыс Қазақстан облысындағы қызметі (2012-2022)
Нұрымбет Сақтағанов Шығыс өңірін бес саусақтай біледі. Шығыс Қазақстан облысында он жылдық қызмет барысында ол өңірдің экономикалық дамуымен айналысты және барлық өзекті мәселелер мен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды жетік меңгерді.

Ұлан ауданының әкімі (2018-2021)
Ұлан ауданында Сақтағанов бірнеше ірі инфрақұрылымдық жобаларды сәтті жүзеге асырды. Ол тұстағы маңызды жетістіктердің бірі – 2019 жылы басталған жол желісін қайта құру және кеңейту жобасы болды. Бұл аудандардың көлік қатынасын едәуір жақсартып, ауыл шаруашылығы мен агробизнестің дамуына ықпал етті. Сонымен қатар, ол жергілікті фермерлерді қолдап, агробизнесті субсидиялау және ынталандыру бағдарламаларын іске асырды, бұл ауданның ауыл шаруашылығының дамуына жаңа серпін берді.

Семей қаласының әкімі (2021)
Сақтағанов 2021 жылы Семейге әкім болып тағайындалды. Бұл кезең бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да пандемия салдарынан қиындықтар туындаған уақыт еді. Ол кезде тек инфрақұрылымды қалпына келтіру ғана емес, сонымен қатар халықты қолдау шараларын қабылдау да қажет еді. Пандемия кезінде әлеуметтік қызметтерді жақсарту шаралары жүзеге асырылды, оның ішінде медициналық қызметтерге қолжетімділікті кеңейту және осал топтарға көмек көрсету. 2021 жылы ол тозығы жеткен тұрғын үйлер мен коммуналдық желілер мәселесін шешуді жеке бақылауға алып, көпқабатты үйлерді қайта жаңғырту бағдарламасын енгізді, бұл тұрғындардың жайлылығын және қауіпсіздігін арттырды.

Жарма ауданының әкімі (2022)
Семейден кейін Нұрымбет Сақтағанов Жарма ауданының әкімі болып тағайындалды. Мұнда ол ауыл шаруашылығын дамыту және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жалғастырды. 2022 жылы су құбыры желілерін кең көлемде жаңғырту басталды, сондай-ақ жаңа әлеуметтік нысандар – мектептер мен балабақшалар пайдалануға берілді. Бұл жергілікті халықтың өмір сүру жағдайын едәуір жақсартты. Жалпы, оның қызметі аудан экономикасының тұрақты дамуына және тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына ықпал етті.
Сақтағанов агроөнеркәсіптік кешендер салу және өнеркәсіпті жаңғырту сияқты ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға белсене қатысты. Оның жұмысындағы басты бағыттардың бірі – инфрақұрылымды дамыту болды.
Нұрымбет Сақтағановтың дағдарыс-менеджер ретіндегі тиімді жұмысына айқын мысалдардың бірі – Маралды тұрғындары мен инвестор арасындағы өзара түсінбеушіліктен болған дағдарысты шешуге жеке қатысуы. Ол бұл мәселеде азаматтардың құқықтарын қорғау мен заң талаптарын сақтау арасындағы шекараны сақтай білді.  
Сондай-ақ облыс әкімінің бірінші орынбасары болған кезінде Нұрымбет Сақтағанов жастарды қолдау мәселесіне үлкен мән берді. Өскемен қаласында комьюнити орталығының ашылуына қатыса отырып, мұндай жастар орталықтарын құрудың маңыздылығын атап өтті. Мемлекет дарынды жастарды әрдайым қолдауға дайын екенін тілге тиек еткен болатын.  
Нұрымбет Аманұлы 2024 жылы еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды.
ШҚО әкімінің бірінші орынбасары ретінде ол жол құрылысы, әлеуметтік нысандар және инженерлік желілер мәселелерімен айналысты, бұл жергілікті тұрғындардың өмір сапасын айтарлықтай жақсартты. Мысалы, 2015 жылы Астана – Өскемен трассасының 118 шақырымы қайта жаңғыртылды, бұл өңірдегі көлік қатынасын жақсартты. Ал 2024 жылы өңірде жарияланған «Жолдар жылы» аясында 710 шақырым автожол қайта жөндеуден өтті.
Ол сондай-ақ жергілікті атқарушы билік пен «Қазцинк», Өскемен титан-магний комбинаты және Үлбі металлургиялық зауыты сияқты ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы өзара іс-қимылды үйлестірді, экологиялық стандарттардың сақталуын және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін бақылауда ұстады. Бұл өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға және сыртқы экономикалық тәуекелдерге төзімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Ел ағасы деп қана емес, қарапайым адамның мұң-мұқтажын ести білетін адамгершілігі мол азамат ретінде Сақтағановтың қабылдау табалдырығында тұрғындар толасыған емес. Бірі дүйім жұрттың мәселесімен келсе, енді бірі жеке мұқтаждығымен кіріп, түйіні тарқалмайтын іс жоқтығына көз жеткізіп шығатын. Дәл осы үрдіс тәжірибелі әрі прагматикалық басшы қызметінде жалғасын табар деп күтілуде. 
Шығыс Қазақстан облысының әкімі ретінде Нұрымбет Сақтағанов өңір экономикасын жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жұмысын одан әрі де жалғастырмақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу