Өскеменде жаңа мүмкіндіктер алаңы – «JastarOskemen» комьюнити орталығы ашылды
Өскеменде шығыстың жалынды жастарын біріктіріп, жаңа идеялар мен тың ойларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жаңа алаң – «JastarOskemen» комьюнити орталығының ашылуы өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыста ізденімпаз жастар өте көп. Әртүрлі бағытта дамып, волонтерлік ұйымдар құрып, көптеген әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырып жүрген жастардың басын қосатын, олардың ерікті жұмыстарын жүйелі іске асыруға мүмкіндік беретін орталықтың ашылуы көптеген жасқа қолдау болды.
Бұл комьюнити орталық жастардың кездесіп, ақылдасып, ой қосатын орындары ғана емес, жаңа идеялар мен стартаптардың дүниеге келетін ошағы.
Орталықта тегін ән жазуға мүмкіндік беретін заманауи жабдықталған студия, би үйірмесіне арналған зал, ағылшын тілін 6-78 жас аралығындағы осал топтар мен жастарға үйрететін курс, жайдарманшыларға арналған орын, қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында еңбек етіп жүрген «Eastler» тобы, өңірдегі дебатты дамытушылар мен эко-еріктілер жиналып, өз кездесулерін өткізеді.
«JastarOskemen» комьюнити орталығының ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен қала әкімі Алмат Ақышов қатысты.
Жастар орталығына қосылып, өз бастамаларын жүзеге асыруды көздеген кез келген белсенді бұл орталықтан өз орнын таба алады.
Ақерке Рағызбаева
Фото: Нэлли Петенева
Видео: Данияр Сагидолдин