KZ
Өскемен
-20°
туман жел 1 м/с, С
499.22 519.14 5.64

Достық үйінің 20 жылдығы: Бірлік пен келісімнің символы (видео)

Бүгін, 17:10 76 Бакимбаева Айна

Риддер қаласында Достық үйінің 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған дөңгелек үстелге мәдени орталықтар мен этнобірлестіктердің өкілдері, қаланың қоғамдық белсенділері жиналды. Олар еліміздегі бейбіт өмірдің кепілі болған осы шаңырақтың тарихи маңызы мен жетістіктері жайлы ой бөлісті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Риддерліктерді айтулы мерекемен құттықтаған облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының директоры Эльдар Төлеубеков өз сөзінде бұл мекеменің елдегі татулық пен бірлікті нығайтудағы рөліне тоқталды.

— Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Халықтар арасындағы татулық пен келісім үшін сіздердің атқарып келе жатқан еңбектеріңіз аса маңызды. Біз бейбітшілік пен достықта өмір сүріп, өзге ұлттардың әдет-ғұрыптарын, дәстүрлері мен тілдерін білуге ұмтыламыз. Қоғамның мәдени әртүрлілігі туралы неғұрлым көп білсек, бір-бірімізге деген сеніміміз де арта түседі. Достық үйінің қызметкерлері ешқандай сыйақысыз, қоғамдық бастамамен, еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек етіп келеді. Сіздерге зор жетістіктер тілеймін, – деді Эльдар Төлеубеков.

Риддер қаласы әкімінің орынбасары Қаныбек Төлеуханов биылғы жылдың еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы екенін атап өтті.

— Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, Конституцияның 30 жылдығы және Ұлы ақын Абайдың 180 жылдығы атап өтеді. Достық үйі – тек мәдени және рухани орталық қана емес, еліміздегі түрлі этностарды біріктіретін бірегей алаң. Біз әртүрліміз, бірақ күшіміз – бірлікте, – деді Қаныбек Қайратұлы.

Қаладағы Достық үйінің директоры Миргүл Конуспаева биыл мекеменің қызметін жандандыруға қомақты қаражат бөлінгенін жеткізді.

— Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында бізге автокөлік сыйға тартылды. Сондай-ақ барлық өнер ұжымдарына жаңа костюмдер тігуге қаржы бөлінді. Мәдени бірлестіктердің өкілдері облыстық мәдени шараларға белсенді қатысып келеді. Ең басты қуанышымыз – бізге жеке ғимарат салынып жатыр, – деп бөлісті Миргүл Нұржанқызы.

Достық үйінде мемлекеттік тілді қолдау, жастар ұйымдарын дамыту және мәдениетаралық диалогты нығайту бағытында көптеген іс-шаралар өткізіліп келеді. Бұл тек мәдениетті дамыту ғана емес, сонымен қатар еліміздің бірлігі мен татулығын нығайтуға қосылған қомақты үлес. Осы игі бастамаларды қолдағаны үшін қалалық билік органдарына алғыс білдірген Эльдар Төлеубеков бұл жұмыстардың елдің мәдени және рухани дамуына үлкен әсер ететінін айтты.

Мерекелік шара барысында этнобірлестіктер өкілдерінің қолөнер бұйымдары көрмеге қойылып, кеш соңы мәдени орталықтар ұжымдарының мерекелік концертімен аяқталды.

Фото: Нелли Петенева

Видео: Ермек Жиенбеков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу