Үлкен Нарын ауданының тұрғындары Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын атап өтті
1 наурыз күні Үлкен Нарын ауданында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні мен Алғыс айту күніне арналған мерекелік шара өтті. Бұл күн – халықтар арасындағы бірлік пен татулықты нығайтуға, этносаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды мереке, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазақстан халқы Ассамблеясы осыдан 30 жыл бұрын құрылып, бүгінде елдің қоғамдық-саяси жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды. Ол ұлтаралық келісімді нығайтуда және қоғамдық татулықты сақтауда маңызды рөл атқарады. Ассамблея бастамасымен Қазақстандағы барлық этностардың мәдениеті мен тілін сақтау мен дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді.
Мерейтой аясында Үлкен Нарын ауданының Достық үйінде «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты фестиваль өтті. Фестивальге этномәдени бірлестіктер, вокалдық және би ұжымдары, ауылдық округтердің мектептері мен клубтары қатысып, көпшілікке өз өнерлерін көрсетті.
Мерекелік шара барысында қатысушылардың шығармашылық жетістіктері, ұлттық мәдениеттерді насихаттаудағы еңбектері мен елдегі татулық пен келісімді нығайтуға қосқан үлестері ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, Достық үйімен тығыз ынтымақтастық орнатып, қоғамдық бірлік пен ұлтаралық келісімді дамытуға үлес қосқан белсенді азаматтар марапатталды.