«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
Өскеменде тәжік-ауған шекарасында қаза болған жауынгерлерді еске алу шарасы өтті
Өскемен қаласында Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінде тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыстар кезінде ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған тағылымдық іс-шара өтті.
Шара барысында шейіт болған 17 жауынгердің рухына тағзым етіліп, бір минут үнсіздік жарияланды. Қатысушылар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қыршын кеткен сарбаздардың есімін құрметпен еске алды. Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу, ерлік пен отаншылдықтың үлгісін көрсету, сондай-ақ ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген ұландық жауынгерлердің рухын асқақтату болды.
Жиын барысында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Атабек Салықбаев сөз сөйлеп, ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің өшпес ерлігі мен қайсарлығын тебірене баяндады. Сонымен қатар, қолбасшының кеңесшісі, ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Айдар Оразбаев та шараға қатысып, жиналған қауымға патриоттық рух сыйлаған мазмұнды сөз сөйледі.
— Біз Пшихавр шатқалындағы ұрыс кезінде қаза тапқан ағаларымыздың рухына тағзым етеміз. Қазақ халқы әрдайым ер-азаматты елдің қорғаны деп бағалап келген. Қайсар сарбаздардың ерлігі – ел жадында мәңгі сақталатын батырлықтың жарқын үлгісі, — деді ардагер полковник Айдар Оразбаев.
Іс-шараға тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеген ардагерлер мен "Жас Бүркіт" кадеттер қозғалысының мүшелері қатысты. Шара соңында жауынгерлік жолдан өткен ардагерлерге алғыс хаттар табысталды. Осындай тағылымды кездесулер арқылы елдік пен ерліктің рухын насихаттау, жас буынды отансүйгіштікке баулу көзделуде.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл дәстүрлі шара Өскемен қаласындағы мектептермен бірлесе отырып жыл сайын өткізіліп келеді.
Оқи отырыңыз
Сарбаздар интернационалист-жауынгерлер рухына тағзым етті – ШҚОӨскеменде әскери-патриоттық сыныптарға бес жауынгердің есімі берілдіТәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерді құрметпен еске алдыҚаңтар оқиғасында қаза болған сарбаздарға құрмет көрсетілді - ШҚОӨскеменде ұландықтар Ауған соғысының ардагерлерін ардақтады