KZ
Өскемен
+10°
облачно с прояснениями Штиль
518.34 591.06 6.27

Қабілетті маман әрдайым сұраныста

Фото: Өскемен көпсалалы техникалық колледжінен
Фото: Өскемен көпсалалы техникалық колледжінен
10.04.2025, 13:30 180 Төлеуғазы Жансая
«Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Жүрісін алшақ басып келе жатқан цифрландыру заманында жұмысшы мамандықтарының өрісі тарылып кетпеді ме? Мемлекет деген толайым түсініктің тұғырында жұмысшы мамандықтарының рөлі қандай? Әлеуметтік желіні табыс көзіне айналдырып жатқан жастардың арасында «жұмысшы» түсінігіне пікір қандай? Осы сұрақтардың жауабын Өскемен көпсалалы техникалық колледжінің директоры Оспанғалиев Қажымұқан Әлімханұлынан алған едік.

– Көпсалалы колледж президент атап өткен жұмысшы мамандықтарының барлығын қамтып тұр. Бұл білім ордасының тек жұмысшы мамандықтарын дайындайтыны тарихи тұрғыда қалай орын алды?

– Өскемен көпсалалы технологиялық колледжі – тарихи тұрғыда ерекше білім ордасы. Былтыр ғана 45 жылдық мерейтойымызды атап өттік. 1978 жылдан бері Үлбі металлургиялық зауытының кадрлық қажеттілігін қамтамасыз етіп келе жатқан оқу орнымыз. Десе де, колледждің өзгелерден ерекшелігі – ҮМЗ кәсіподағымен байланысы үзілмей, бүгінге дейін сақталғаны. Мұғалімдеріміз бен қызметкерлеріміз одан ажыраған жоқ. Бұдан бөлек, білім басқармасына қарасты мұғалімдер кәсіподағына да мүше болдық. Яғни, түсті металлургияның қайнаған ортасында заман талабымен құрылған оқу орнымыз кейін білім басқармасының қарауына өтті.

Мерейтой аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырдық. Облыс көлемінде алғаш болып педагогикалық оқулар өткіздік. ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, өндірістік оқыту шебері, талай жұмысшы мамандарды тәрбиелеген Бақытқан Нұриұлы атындағы кітапхана ашылды.

– Кәсіподақ туралы ашық айта кетсеңіз. Ұйымның ескі моделімен барлығы таныс. Ұстаз мәртебесіне орай жаңашылдықтар қарастырылды ма?

– Ескіден қалған көп дүние сақталды. Кәсіподақ арқылы мұғалімдерге 300 мың теңгеге дейін пайызсыз қаржылай көмек алу мүмкіндігі бар – алты айда қайтарады. Жаңашылдықтар қатарында ұстаздарға заңдық көмек көрсету қызметін енгіздік. «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданған соң, құқықтық қолдаудың маңызы артты. Мұғалімдер қағазбастылық пен шәкірттерінің сабағына алаңдап жүріп, кей заңдарды ескере бермейді. Ал оқу орындарында заңгер жоқ екені жасырын емес. Басшылық тарапынан да заңнамалық қателіктер кетуі мүмкін. Мұғалімдер өз құқықтарын толық білмеуі де ықтимал. Осыған байланысты облыстық кәсіподақтан өкілдер шақырып, заңдық кеңес беру, ақпараттандыру жұмыстарын жүргіздік. Кәсіподақ – басшылықпен тең тұратын ұйым. Ол мереке кезінде ғана жылт етіп көрінетін құрылым емес, ұстазбен, ұжыммен әрдайым қатар жүруі тиіс.

– Қазір колледжде бала саны қанша? Жыл өткен сайын жұмысшы мамандықтарына келуші қарасы көбейді ме?

– Қазіргі таңда студенттер саны жеті жүзге жетті. Ашығын айтуым керек, бұлардың ішінде түзету мекемелерінің екеуінде біздің бөлімшелеріміз бар. Сол жерде 140-қа жуық адам білім алуда. Негізгі бөлімде 500-ден астам студент оқиды. Қызметімді бастағанда бұл көрсеткіш екі есе аз болатын. Жеткен нәтижеммен мақтанамын. Қазір колледжімізде он үш мамандық оқытылады. Барлығы – жұмысшы мамандықтары. Жұмысқа орналасу көрсеткіші өте жоғары. Бұған дейін білім басқармасында қызмет етіп жүріп, колледждерден келетін жұмысқа орналасу статистикасына сенімсіздікпен қарайтынмын. Себебі диплом алған жастардың басқа салаларда жүргенін жиі көріп жүрміз.

Колледжге директор болып сәуір айында келдім. Жазда студенттер оқуын аяқтады. Түрлі мекемелерден дәнекерлеуші, аспаз сынды мамандар сұрап, хабарласа бастады. Жауапты орынбасарымды шақырып, түлектер тізімін қарадым. Бәрі – іс-тәжірибеден өткен студенттер. Демек, жұмыс берушілер тәжірибе барысында таныған жастарды жұмысқа шақырып жатыр. Көбі дәл солай жұмысқа орналасып кетеді. Әрине, тұрмысқа шығу, әскерге шақырылу, мамандық ауыстыру секілді жайттар кездесіп жатады. Дегенмен, жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары. Қолынан іс келетін маман әрдайым сұраныста.

– Жастардың ынтасы жоғары ма?

– Қазіргі жастардың көбі таза кеңседе, шаң жұқпайтын ортада жұмыс істеуді қалайды. Әлеуметтік желі арқылы табыс табуға ұмтылатындар да бар. Жеңіл ақша тапқысы келетіндер көбейген. Бірақ өмірге рационалды тұрғыдан қарасақ, бәрі цифрлық жүйеге өтіп кетті деу – қате. Банк пен мемлекеттік қызметтер ғана цифрланды. Ал адамға ең алдымен керек – тамақ, жылу, су, жарық, санитария. Бұлармен кім айналысады? Әрине, жұмысшы мамандар. Жарық сөнсе түні бойы жөндейтін, кәріз жүйесі бітелсе, көзін ашатын да – солар. Экономикада оларға деген сұраныс ешқашан төмендемейді.

– Жұмысшы мамандықтарына жастарды тарту, қызығушылық ояту бойынша қандай жұмыстар атқарылады?

– Қамтылған оқушылар саны – 346. Жоғарыда айтқанымдай, бұл көрсеткіш екі есеге артты. Өрісімізді кеңейту үшін бес жылдық стратегиялық жоспар құрдық. Басшылармен келісе отырып бекіттік. Талап – студенттер санын өсіру. Мұндай ғимарат, мықты кәсіпорындар мен серіктестер тұрғанда, бала оқытуға тиіспіз. Бұл – ең алдымен біздің кәсіби өміріміз, сонымен бірге экономикалық үлесіміз. Сонымен қатар, қазақ және орыс топтарын қатар жүргізу де бала санын арттыруға әсер етті.

Орта буын мамандарды да даярлай бастадық. Аспаз, наубайшы, кондитер сияқты мамандықтардың келесі сатысы – технолог. Үш жыл аспаздықты үздік тәмамдағандарды бір жылда технологқа оқытамыз. Осы сала бойынша кәсіптік чемпионат бізде өтеді. Аспаздық негізгі бағыт болғандықтан, біз оларды келешекте технолог етіп шығаруға тырысамыз.

Профориентациялық жұмыстар да үлкен сеп болды. Машина дайындап, сапарға шығарып, нағыз маманды таңдауға көмектестік.

Бұдан бөлек, 2016 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында мобильді оқу орталықтары құрылды. «КамАЗ» көлігімен шалғай ауылдарға шығып, білім беру мүмкіндігі туды. 2022 жылы облыс екіге бөлінгенде, бұл орталықтардың бірі Семейде, бірі Аягөзде қалуы мүмкін болды. Біз дер кезінде араласып, Аягөздегі орталықты өзімізге сұрадық. Қазір Катонқарағай, Марқакөл, Тарбағатай аудандарына шығып жүрміз. Профориентация, жарнама жағынан пайдасы мол. Бір елді мекенде бір ай сабақ өткізуге мүмкіндігіміз бар.

– Биыл ресми түрде «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Жоспарларыңыз қандай?

– Тоқтап қалмауымыз керек. Басқа тәжірибелерді де меңгеруге тиіспіз. Өткен жылы Францияның Лион қаласында өткен әлемдік чемпионатқа оқу шебері мен орынбасарымды жіберіп, оқуға қатыстырдық. Сертификаттарын алып келді. Қазір төрт өндірістік шеберімізді Лионмен байланысып, қашықтан оқытып жатырмыз. Сонымен қатар Барнауыл, Омбы қалаларымен байланыс орнатып, шеберлерді даярлауға келісім жасадық. Желтоқсанда үш орынбасарым барып, меморандум бекітіп қайтты. Қазір Барнауылмен қашықтан жұмыс жүргізіп отырмыз.

– Жыл аясында жаңа мамандықтар ашу жоспарда бар ма?

– Президент тапсырмасына орай жаңа мамандықтар ашу көзделіп отыр. Облыс әкімінің бастамасымен су көлігін пайдалану мамандығын енгіземіз. Қажетті құрал-жабдық алып, оқу бағдарламасын, оқулықтарды дайындаймыз. Рульші, моторшы, машинист, техник, жүргізуші мамандықтарын оқытамыз. Лицензия алған соң, биыл іске қосуды жоспарлап отырмыз. Алтай ауданында бұл салаға сұраныс барын байқадық. Кеңес дәуірінде су үсті тасымалы жақсы дамыған еді. Қайта жанданса, бұл – экономикаға тың серпін.

– Жастар іс-тәжірибеден өте жүріп жалақы алады дедіңіз. Жалпы, сіздерден түлеп ұшқан кәсіп иесінің жалақысы қандай болмақ?

– Әр заманның өз насихаты бар. Кеңес дәуірінде ішімдікті күлкі етіп көрсету арқылы жұмысшы мамандықтарының беделін түсіріп алды. Сол түсінік әлі де қоғамда кездеседі. Алайда бүгінде қолынан іс келетін адам өз бағасын біледі. Бұл салада маман ешқашан аш қалмайды. Мысалы, достарым да жиі аспаз сұрап жатады. Студенттерімізге айтып отырамыз: олар енді жалақысын өздері келісіп алады.

 

Сұхбатыңызға рахмет!

Айдос Мырзахметов

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу