Алтай ауданы: Ел игілігі үшін жасалып жатқан нақты істер

altainews.kz
Алтай ауданы – табиғаты көркем, тарихы терең өлке ғана емес, сонымен қатар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты істер мен нәтижелі жобалар жүзеге асыып жатқан өңір. Жолдардың жаңаруы, жаңа баспаналардың бой көтеруі, денсаулық сақтау мен білім беру салаларындағы жүйелі өзгерістер, жастар мен кәсіпкерлерді қолдау, туризмді дамытуға арналған тың бастамалар – мұның барлығы ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстардың көрінісі.
Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан бұл игі істер – ауыл-аймақты өркендетіп, халықтың ертеңге деген сенімін нығайтқан нақты жетістіктер. Жүйелі жоспар, нақты қадам, жарқын болашаққа бағытталған жұмыстар – Алтайдың бүгінгі тыныс-тіршілігін сипаттайды.
Жөнделген жол – жайлы өмір бастауы
Алтай ауданында жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Жыл сайын аудандағы жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалуда.
Сондай-ақ аудандық бюджет есебінен 130,7 млн теңгеге жалпы қашықтығы 53,3 шақырым Феклистовка, Снегирево, Заводинка, Богатырев, Баяновск, Парыгин, Кутиха, Александровка, Андреевка, Средигорное, Тұрғысын ауылдарының жолдары мен көшелеріне, Малеевка мен Зубовск арасындағы жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жол – елдің күретамыры. Алтай ауданында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар – өңірдің дамуына, тұрғындардың тұрмыс сапасына оң ықпалын тигізуде. Осы жылы да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, жаңа жобалар жүзеге аспақ.
Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Зубовск кентінде 70 млн теңгеге 1,5 шақырым жолдарды жөндеу жоспарланып отыр.
Бір қабатты Шығыс: әр үй – бір үміт
Соңғы жылдары Алтай ауданында халықты баспанамен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Әсіресе, әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталған мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізілуде.
Әлеуметтік әл-ауқатты арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесінде Алтай ауданында жүздеген отбасы қоныс тойын тойлады. Биыл да бұл үрдіс жалғасып, жаңа үйлер мен инфрақұрылым нысандары салынбақ. Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау бағытында тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру ісі де қолға алынуда.
Соңғы бес жылда жеке инвесторлар «Бір қабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасы бойынша көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік осал топтарына, денсаулық сақтау және білім саласы қызметкерлеріне үй салуда.
Сондай-ақ 2023 жылы Алтай қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 60 пәтерлі көпқабатты үй пайдалануға берілді.
Былтыр ауданда мемлекет тарапынан тұрғын үймен 13 көпбалалы отбасы, 12 жетім бала, 3 толық емес отбасы, 3 зейнеткер, 4 мүгедек балалары бар отбасы, 3 мүгедек, 4 апатты үй иесі, 22 жас отбасы, 6 медицина қызметкері қамтамасыз етілді.
Биыл да бұл бағдарлама аясында үйлер салынады. Бүгінгі таңда Алтай қаласы әкімінің аппараты жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу үшін 7,35 гектар жер учаскесін рәсімдеді. Осы жылы жобалық-сметалық құжатын әзірлеу жоспарланып отыр, онда қалдықтарды сұрыптау көзделеді.
Білікті дәрігерлер кеп жатыр
Алтай ауданында денсаулық сақтау саласын дамыту, ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету – басты басымдықтардың бірі. Медициналық мекемелерді заманауи құрал-жабдықтармен қамту және жас мамандарды тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар денсаулық сақтау ұйымдарын жарақтандырудың ең төменгі стандарттарына сәйкес 91%-ға жабдықталған. Оларда электрокардиограф, көз қысымының индикаторы, экспресс анализатор, гинекологиялық кресло сияқты құрал-саймандар жиынтығы бар.
Жас мамандарды тарту жұмысы тұрақты жүргізілуде. Былтыр Тұрғысын ауылының амбулаториясына жалпы практика дәрігері қабылданды, ол жүз еселенген ең төменгі жалақы мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем (8 500 000 теңге) және жалдамалы тұрғын үй алды. Биыл екі травматолог-ортопед қабылданды, олар да жалға берілетін үймен қамтылған.
Осы оқу жылына облыстық бюджеттен акушер-гинеколог, невролог, офтальмолог, кардиолог мамандықтары бойынша оқуға шарттар жасалды. Барлық жаңа мамандар үшін қызметтік пәтерлер, көтермеақылар қарастырылған, – дейді аудан әкімінің орынбасары.
Жүргізіліп жатқан шаралар өз нәтижесін беруде – медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы жақсарып, мамандар қатары толығуда. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасып, аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға серпін беретіні анық.
Алтай жастары ертеңге сеніммен қарайды
Алтай ауданында білім беру сапасын арттыру, ауыл мектептерін жаңғырту және жастарды қолдау бағытында бірқатар игі істер жүзеге асырылуда. Жаңа оқу жылында білім саласындағы кадр тапшылығын азайту, мектеп инфрақұрылымын жақсарту, сондай-ақ жастарды жұмыспен қамтуға ерекше назар аударылып отыр.
Ауданның білім беру мекемелерінде бастауыш сынып мұғалімдеріне, тіл, жаратылыстану-математика бағытындағы мұғалімдерге қажеттілік бар. Барлық бос орындар Еңбек.кз сайтында, әлеуметтік желілерде орналастырылады, директорлар өңірлік ЖОО-лар өткізетін бос орындар жәрмеңкелеріне қатысады. Аталған іс-шаралар нәтижесінде оқу жылының басында аудан мектептеріне 24 педагог орналасты.
Ауыл мектептерін компьютерлік техникамен жарақтауға, мектеп асханаларын жабдықтауға өткен жылы 2 млн теңге бөлінді. Ауданның 22 мектебінде Starlink спутниктік интернеті орнатылған.
Биыл бұл жұмыстар жалғасуда.
Атқарылған жұмыстар ауданның білім беру жүйесін жетілдіруге, жастардың белсенділігін арттыруға зор үлес қосуда. Бұл бастамалар келешекте де өз жалғасын тауып, ауылдық жерлердің әлеуметтік әлеуетін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.
Туристер үшін тартымды өлке
Алтай ауданында туризм саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Табиғи байлығы мен тарихи-мәдени мұраларымен ерекшеленетін өңірде туризмді кешенді түрде өркендету мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Жанна Асқарованың айтуынша, ауданда туризмді дамыту бойынша бірнеше жоба іске асуда, жобалардың мақсаты – туристік инфрақұрылымның сапасын арттыруға, жаңа туристік өнімдер жасауға, инвестициялар тартуға, өңірді халықаралық деңгейде таныстыруға назар аудара отырып, ауданда туризмді дамытудың кешенді стратегиясын қалыптастыру.
Жобалардың негізгі бағыттары – экотуризм, ауылдық және этномәдени туризм, су туризмі, тау шаңғысы курорттарын салу.
Ауданда жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енген 11 нысан бар. Олар – 7 монументалды өнер ескерткіші, 3 археология ескерткіші және 1 сәулет ескерткіші.
Туристер аудандық Достық үйінде түрлі этностардың мәдениетімен, дәстүрлерімен таныса алады.
Туризм – аудан экономикасын әртараптандырудың маңызды бағыты. Туристік инфрақұрылымды дамыту, жаңа нысандар ашу және тарихи-мәдени мұраларды сақтау арқылы Алтай ауданы алдағы уақытта ел ғана емес, шетел қонақтары үшін де тартымды туристік аймаққа айналмақ.