KZ
Өскемен
+12°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, Ю
521.9 593.5 6.39

Су тасқыны қаупі бар аймақтар бақылауда – облыс әкімі Алтай ауданын аралады (Видео)

12.04.2025, 20:30 485 Төлеуғазы Жансая


Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Алтай ауданына жасаған жұмыс сапары аясында су тасқыны қаупі жоғары елді мекендерге барып, жүргізіліп жатқан дайындық шараларымен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Әуелі өңір басшысы Соловьево ауылындағы Березовка өзені арқылы салынған жаңа көпір мен ұзындығы 1000 метрлік бөгетті қарап шықты. Мұнда өзен арнасы тереңдетіліп, жағалауы бекітілген. Жергілікті мамандар су тасқыны қаупін болдырмау мақсатында бөгетті нығайту жұмыстарын күшейткен.

Сапар барысында облыс әкімі Екінші өзендегі 1968 жылы салынған гидротехникалық нысанның қазіргі жай-күйін де тексерді. Су ағынын реттейтін шлюздер тазартылып, нысан қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар, аудан бойынша төтенше жағдайларға жұмылдырылатын техникалар мен мамандардың дайындығы да назардан тыс қалмады. Бүгінде Алтай ауданында 105 құтқарушы мен 44 техника кез келген жағдайға әзір.

– Дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайды. Әсіресе, Алтай мен Марқакөл аудандарында қар мөлшері әдеттегіден әлдеқайда көп түсті. Бұл аймақтар – ерекше бақылауда. Алтай ауданында су басу қаупі бар 13 елді мекен мен Богатырев су қабылдағышының аумағы да қамтылып отыр. Оларды қорғау үшін 18 бөгет тұрғызылып, қажетті шаралар қабылданды, – деді облыс әкімі.

Жұмыс сапары барысында Нұрымбет Сақтағанов Алтай қаласында бой көтеріп жатқан екінші өрт сөндіру бөлімшесінің құрылыс алаңына да барды. Бұл нысан болашақта төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету уақытын қысқартуға мүмкіндік бермек.

Бүгінде барлық гидробекеттерде тәулік сайын мониторинг жүргізілуде. Су тасқыны жағдайы өңірлік штабтың тұрақты бақылауында.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу