«Торпедо» «Арланнан» тағы жеңілді (видео)
«Торпедо» мен «Арлан» арасындағы финалдық сериядағы есеп 0:3-ке жетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгін Өскеменде Pro Hokei Ligasy ел чемпионаты финалының үшінші ойыны өтті. Бұл кездесуде де алғашқы екі ойындағыдай Көкшетаудың командасы жеңіске жетті.
Еске салайық, қарсыластар арасындағы алғашқы екі ойын Көкшетауда ойналып, бұл матчтардың екеуі де айдын иелерінің сенімді жеңісімен аяқталған болатын. Алдымен өскемендік ұжымды 9:2 есебімен талқандаған «арландықтар» екінші ойында қарсылас қақпасынан алты мәрте саңылау тапты, қорытынды есеп 6:3.
Бүгін өткен үшінші ойын да ұқсас сценариймен өрбіді. Матчтың алғашқы минуттарынан ойын тізгінін өз қолдарына алған қонақтар кездесудің жетінші минутында шабуылшы Даниил Парамоновтың көмегімен есеп ашты. Көп ұзамай көкшетаулық команда дәл сол Парамоновтың көмегімен есепті еселей түсті.
Ал екінші кезеңнің басында есеп 0:3-ке жетті. Шайба Владимир Боровковтың еншісіне жазылды.
Осыдан кейін ғана «Торпедо» ес жиғандай болды. Матчтың соңғы кезеңінде «Арлан» қақпасына шабуылды үдеткен өскемендіктер Илья Кляузов пен Евгений Сулимовтың дәл соққылары арқасында есеп айырмасын бір шайбаға дейін қысқартты. Сөйтті де, Борис Александров атындағы Спорт сарайына жиналған бес мыңға жуық жанкүйерге үміт сыйлағандай болды. Өкінішке қарай, қалған уақытта айдын иелері қонақтар қақпасына бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. Қорытынды есеп 2:3 «Арланның» пайдасына.
Осылайша, финалдық сериядағы есеп 0:3-ке жетті. Командалар арасындағы төртінші ойын 15-сәуірде Өскеменде өтеді. Бұл матч кешкі сағат 19:30-да басталады.
Фото: Махаббат Ахметжанова