Үкіметте өртке қарсы дайындық шаралары пысықталып жатыр
14 сәуірден бастап Шығыс Қазақстан облысында ресми түрде өрт қаупі жоғары маусым басталды. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Altaіnews.kz тілшісі.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың мәліметінше, биыл өрт қаупі жоғары маусым еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде 26 наурызда басталса, солтүстік пен орталық аймақтарда – 7 сәуірде, ал шығыс өңірде 14 сәуірден басталған.
Министр орман шаруашылықтарын жабдықтауға 2023–2027 жылдарға 68 млрд теңге бөлінгенін, алайда республикалық бюджет тапшылығына байланысты қаржы 8,7 млрд теңгеден 3,1 млрд теңгеге дейін қысқарғанын атап өтті. Бұл сома «Семей орманы» резерватына ерте хабарлау жүйесін орнатуға ғана жетеді.
Министрлік тарапынан орман шаруашылықтарының дайындық деңгейі тексерілген. Нәтижесінде Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында орман өрт сөндіру бекеттерінің жетіспейтіні анықталған. Қазіргі бар станциялардың жартысы 1950-60 жылдары салынған.
Ерлан Нысанбаев облыс әкімдіктерінің эмиссиядан түскен қаржыны жаңа станциялар салуға бағыттамай отырғанын сынға алды. Оның айтуынша, орман күзеті құрамының жетіспеушілігі де өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Мәселен, ШҚО-да нормативке жету үшін 833 техника бірлігі қажет (қазіргі саны – 1154).
Осы тұста Шығыс Қазақстан облысындағы билік өкілдері орман және дала өрттеріне жедел әрекет ете алатынын көрсетті. Мәселен, Зайсан ауданында өтуге қиын батпақты аумақта құрғақ шөптің жануы тіркелген сәтте барлық тиісті қызметтер жедел түрде жұмылдырылып, қажетті ресурстар тартылды. Соның нәтижесінде өрт қысқа мерзім ішінде оқшауланды.
Министр Үкімет отырысында әкімдіктерге анықталған кемшіліктерді жою және техникаларды 15 сәуірге дейін толық дайындыққа келтіру туралы тапсырмалар жолданғанын жеткізді.
Отырыс соңында Үкімет басшысы әкімдіктерге, ТЖМ, ІІМ, Экология, Мәдениет және ақпарат министрліктеріне өрт қаупі маусымына толық дайын болуды және кемшіліктерді жою бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Андрей Дудник
Фото: автордан