Шығыс Қазақстанда кенеден зардап шеккендер саны 300-ден асты

Фото: pexels.com
Эпидемиологтар 16 сәуірге дейінгі жағдай бойынша статистиканы жариялады. Кене энцефалитіне қарсы екпені зардап шеккендердің 90%-дан астамы алған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 16 сәуірдегі жағдай бойынша облыстың эндемиялық аумақтарынан 360 адам кененің шағуына байланысты дәрігерге жүгінген. Олардың 31 пайызы – балалар.
Зардап шеккендердің 92%-ына иммуноглобулин егу арқылы алдын алу шаралары жүргізілген. Тағы 30 адам серопрофилактикамен қамтылмаған. Оған себеп – дәрігерге кеш жүгіну, екпеден бас тарту, бұрын вакцинацияланған болуы немесе кене эндемиялық емес аймақта шағуы.
Биылғы кезеңде облыс аумағында кене арқылы таралатын жұқпалы аурулар тіркелмеген.
Департамент мәліметінше, эндемиялық аумақтарға Глубокое, Ұлан, Шемонаиха, Катонқарағай, Алтай, Самар, Үлкен Нарын аудандары мен Риддер және Өскемен қалаларының маңайы жатады.