Ұлы Жеңістің 80 жылдығы: Батырларға тағзым, ұрпаққа аманат (видео)
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Үлбі металлургиялық зауытының ұжымы мен 3477 әскери бөлімше бірлесіп ұйымдастырған салтанатты шара өтті. Іс-шара барысында соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, жастарға олардың ерлігі мен батырлығы үлгі етілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сахнада отаншылдық рухтағы әндер орындалып, ауыр соғыс жылдарының естелігі көрерменнің жүрегіне жетті. Облыстық филармония әртістерінің өнеріне жұртшылық зор қошемет көрсетті.
Мерекеге жиналғандар дәстүрлі сарбаз ботқасынан дәм татып, ардагерлердің жүрек толқытар естеліктерін тыңдады. Бұл күн – батырлардың даңқын ұлықтап, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беретін ерекше сәт ретінде есте қалды.
Айта кетейік, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне бір реттік көмек көрсетіледі. Бұл төлемдер жергілікті билік шешімімен, мемлекет қаржысы есебінен беріледі.
Ресми мәлімет бойынша, облыс аумағында соғысқа қатысы бар 4 264 адам тұрады.
Жоспарланған төлемдер:
• Соғысқа қатысқан және мүгедек болған 12 ардагерге – 5 млн теңгеден;
• Тыл еңбеккерлері, Ленинград блокадасының куәгерлері, концлагерь тұтқындары мен майдангерлердің жесірлеріне – 130 мың теңгеден;
• Қалған 4 062 тыл еңбеккеріне – 80 мың теңгеден.
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Ермек Жиенбеков


















