KZ
Өскемен
+14°
пасмурно жел 3 м/с, В
520.93 609.07 6.68

Меморандумнан – нақты іске: Шығыс Қазақстан мен Иран агросаладағы әріптестігін бекемдеуде

13.05.2025, 15:30 456 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстан мен Иран арасындағы іскерлік қарым-қатынас жаңа сапалық деңгейге шықты. Осы көктемде Тегеранда екіжақты әріптестіктің берік іргетасы қаланған болатын. «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Иранның «Ет және ақуыз өнімдері өнеркәсібі қауымдастығымен», сондай-ақ «Solico Kalleh» ірі компаниясымен өзара түсіністік жөніндегі маңызды екі меморандумға қол қойған болатын. Арада көп уақыт өтпей, Иранның кәсіпкерлік делегациясы Шығыс Қазақстанға жауапты сапармен келді. 

Құрамында Иранның Қазақстандағы Елшілігінің сауда атташесі, «QazTrade» акционерлік қоғамының бас директоры және «QazExportPromotion» қорының өкілдері бар топтың негізгі мақсаты – көктемде бекітілген келісімдер негізінде нақты жобаларды талқылау, іске асыру жолдарын пысықтау.

Келісілген төрт негізгі бағыттың ішіндегі ең ауқымдысы – мал шаруашылығы және ет өнімдерін өндіру. Екі тарап тірі мал мен еттің жеткізілім тізбегін құру, халықаралық стандарттарға сай заманауи қасапханалар салу, жарамды ет-сүйек өнімдерін экспорттау, сондай-ақ тасымалдауға арналған логистикалық жүйелерді енгізу мәселелерін ортаға салды. Әсіресе малдың әл-ауқаты мен тасымал кезінде стандарттардың сақталуына ерекше мән берілді.

Жеке блок ретінде – мал шаруашылығына арналған жер телімдерін бөлу, асыл тұқымдандыру, азықтандыру және ветеринария саласына заманауи технологияларды енгізу, ғылыми-техникалық ықпалдастық арқылы өндірістік шығындарды азайтып, өнімділікті арттыру жайы сөз болды.

Тараптар кәсіби кадрлар даярлау мен тәжірибе алмасудың маңызын бірдей атап өтті. Алдағы уақытта етті өндіру, өңдеу, маркетинг бағыттарында біліктілікті арттыру курстары, бірлескен ғылыми бағдарламалар жүзеге асырылмақ. Инновацияларды сынақтан өткізу үшін Шығыс Қазақстан инфрақұрылымдық әлеуетін ұсынуға әзір екенін білдірді.

Ынтымақтастықтың үшінші тетігі – бақылау және басқару жүйесі. Меморандумдарда көрсетілген тармақтардың орындалуын жүйелі түрде бақылап отыру үшін екіжақты үйлестіруші комитет құрылады. Ол мемлекеттік органдарға тұрақты есеп беріп, жолда туындауы мүмкін кедергілерді уақтылы шешіп отыруға жауапты болады.

Ал төртінші бағыт – Қазақстан тарапынан көрсетілетін қолдау. Орталық және өңірлік құрылымдар шетелдік әріптестерге жан-жақты жағдай жасауға әзір: жер телімдерін ұсыну, инфрақұрылым тарту, мемлекеттік қолдау шаралары мен рұқсатнамалық процестерде сүйемелдеу, сондай-ақ жаңа технологиялар мен білім трансферін қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Бұл әріптестік Шығыс Қазақстан үшін тек тікелей инвестиция тарту ғана емес, ет экспортында халықаралық нарықтарға шығу, жоғары технологиялы қайта өңдеуді дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі. Иран үшін – су тапшылығы мен жер ресурстары шектеулі жағдайда, климаттық тұрақтылық пен мал шаруашылығында әлеуеті зор өңірмен байланыс – ішкі нарықты сыртқы өндіріс арқылы тұрақтандырудың нақты жолы.

Қорыта айтқанда, екі ел арасында бекітілген меморандумдар – жалаң келісім емес, нақты істерге негіз болатын берік платформа. Алдағы уақытта Алтай мен Парсы шығанағы арасындағы агроэкономикалық дәліз жаңа келісімшарттармен кеңейіп, өзара тиімді ықпалдастықты тереңдете түсетіні анық.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу