KZ
Өскемен
-24°
плотный туман жел 1 м/с, С
506.7 593.14 6.53

Алтай төріндегі конференцияда шығыстың инвестициялық әлеуеті таныстырылды

20.05.2025, 13:50 424 Гульжан Мусина

Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданында өтіп жатқан халықаралық «Алтай – ортақ үйіміз» конференциясында Шығыс Қазақстан облысы өнеркәсіп, энергетика және көлік инфрақұрылымын дамытудың стратегиялық бағыттарын ұсынды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Конференцияға қатысушылар өңірдің өндірістік мүмкіндіктеріне айрықша қызығушылық танытты. Табиғи байлыққа бай өлкеде мырыштың – 10 млн тонна, титанның – 6 млн тонна, қорғасынның – 3 млн тонна қоры бар. Сонымен қатар, өңірде алтын, күміс пен сирек кездесетін металдардың да ауқымды қоры анықталған.

— Бізде жоғары технологиялы өндірістерді орналастыру мен қосылған құн тізбегін толық қалыптастыруға барлық алғышарттар бар, — деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов форумның пленарлық мәжілісінде сөйлеген сөзінде. — Әсіресе, литий құрамды шикізатты өңдеу ерекше маңызға ие болып отыр. Бұл – әлемдік электр көліктеріне көшу аясында стратегиялық мәнге ие бағыт.

Сондай-ақ, қатысушыларға өңірдің жүйе құраушы кәсіпорындары – «Казцинк» ЖШС, Үлбі металлургиялық зауыты және тағы басқа кәсіпорындар, сондай-ақ Өскемен қаласындағы машина жасау мен автокөлік құрастыру салаларын қайта жандандыруға бағытталған мүмкіндіктер таныстырылды. Бұл бағытта қытайлық инвесторларды тарту жоспарланып отыр.

Жиында жаңартылатын энергия көздерін дамыту жобалары да назардан тыс қалмады. Тек су энергетикасының өзінде 95 шағын су электр станциясын салуға лайықты орындар анықталған. Бұдан бөлек, Қытай компанияларымен құны 800 млн АҚШ долларынан асатын бірлескен жобалар бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқаны атап өтілді.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу