Тәртіп пен тәлім бір алаңда: күзет қызметі жасөспірімдерге есік ашты (видео)
ҚР ІІМ Шығыс Қазақстан облысы «Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай іс-шаралар легін жалғастыруда.
Бүгін басқарма мекемесінде жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілеріне арналған ашық есік күні өтті. 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдер басқарма қызметкерлерінің таңғы нұсқаулығына қатысып, тәртіп сақшыларының күн тәртібімен, қызметтік міндеттерімен танысты.
Тәртіп сақшылары ұйымдастырған келелі шараға жасөспірімдер үйінің 17 тәрбиеленушісі қатысты. Басқарма қызметкерлері мен ардагерлер кеңесі ШҚО Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аксана Каленованы шақырып, жасөспірімдердің өз құқықтарымен танысуына мұрындық болды.
Қазақстан Республикасы балалар құқығын қорғауға ерекше мән береді. Тәуелсіздік жылдары еліміз Бала құқықтары туралы конвенцияға бірден қол қойып, бала құқықтарын қорғау бойынша бес жыл сайын есеп беріп, нұсқаулықтар мен ұсыныстар алып, оны жүзеге асыруға ден қойып келеді.
Жастар арнайы уәкілдің дәрістерін тыңдап, өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алды. Аксана Александровна балаларға түрлі өмірлік жағдайлар болатынын, соның ішінде алаяқтардан сақ болуға кеңес берді. Сонымен қатар тұрмыстық мәселелер жөнінде жеке хабарласа алатынын айтты.
Мерекелік шара аясында қонақтар Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қару-жарағымен, арнайы техникаларымен танысты. Кейін басқарма мамандары мұражаймен таныстырып, өңірдегі мамандандырылған күзет тарихы, тарихи тұлғалар мен батырлар туралы деректерді баяндады.
Фото: Ернар Тұрсынханов