Тұтынушы тұрмыстық қызметтер туралы не білуі керек?
Фото: depositphotos.com
Тұрмыстық қызметтер – бұл күнделікті тұрмысымыздағы қажеттіліктерді өтеуге арналған жұмыстар мен қызметтер. Оларды жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар ұсынады. Бұл қызметтер қатарына киім тігу мен жиһаз жасаудан бастап, техниканы жөндеу, шаштараз, кір жуу және тағы да басқа көптеген салалар кіреді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ең бастысы – тұрмыстық қызметтерді көрсету тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнама аясында реттеледі. Сондықтан, сіз мұндай қызметтерді пайдалана отырып, келесі құқықтарға ие боласыз:
• қызмет көрсету туралы шартты еркін жасау;
• қызмет және оны көрсетуші туралы толық әрі шынайы ақпарат алу;
• қауіпсіз қызмет алу;
• қызметті еркін таңдау;
• стандарттарға, шарт талаптарына және қызмет туралы ақпаратқа сай сапалы қызмет алу;
• дайындалған (жөнделген) бұйымдардың және басқа да қызметтердің белгіленген пайдалану мерзімінде қауіпсіз болуын талап ету;
• дайындалған бұйымдарға немесе ғимараттарға (мысалы, тұрғын үйге) қатысты кепілдік міндеттемелердің орындалуын талап ету;
• қызметтің шартта көрсетілген мерзімде орындалуын талап ету;
• көрсетілген қызметтің кемшілігінен туған зиян үшін толық көлемде өтемақы талап ету (денсаулыққа, мүлікке келген залал);
• моральдық зиянның өтелуін талап ету.
Егер сізге көрсетілген қызмет сапасыз болса, келесі талаптарды қоюға құқығыңыз бар:
• кемшіліктерді тегін жою;
• қызмет құнын төмендету;
• сол сападағы материалдан жаңа бұйым дайындау немесе қызметті қайта тегін көрсету;
• кемшіліктерді жоюға кеткен шығындардың өтелуін талап ету (егер бұл шартта қарастырылса).
Қызмет көрсету мерзіміне қатысты не білу керек?
Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 34-бабына сәйкес, орындаушы жұмысты немесе қызметті шартта көрсетілген мерзімде орындауға міндетті. Шартта қызметтің басталу және аяқталу мерзімі, сондай-ақ жекелеген кезеңдерінің мерзімі (аралық мерзімдер) нақты көрсетілуі мүмкін.
Егер орындаушы осы мерзімдерді (басталу, аяқталу немесе аралық кезеңдер) бұзса және бұл қызметті уақтылы аяқтауға мүмкіндік бермесе, тұтынушы шарттан бас тартып, келтірілген шығынның өтелуін талап ете алады.
Қызмет көрсету барысында анықталған немесе қызмет көрсетілгеннен кейін белгілі болған кемшіліктер, тиісті талап қойылған сәттен бастап он күнтізбелік күннің ішінде жойылуы тиіс, егер шартта өзге мерзім көзделмесе.
Қызмет мерзімдерін немесе кемшіліктерді жою мерзімін бұзғаны үшін орындаушы әрбір кешіктірілген күн үшін қызмет құнының 1% мөлшерінде айыппұл төлеуге міндетті (егер шартта немесе заңда өзгеше белгіленбесе).
Ал егер қызмет көрсетуші кемшілікті түзетуден бас тартса, тұтынушы жазбаша талап қоюға құқылы. Егер он күн ішінде сатушы (дайындаушы, орындаушы) жауап бермесе немесе заң бұзушылықты жоймаса, сондай-ақ сотқа дейінгі дауды шешуге қатысудан бас тартса, Шығыс Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 8 (7232) 26-72-07 нөміріне хабарласуға немесе «Е-өтініш» жүйесі арқылы шағым қалдыруға болады.