KZ
Өскемен
-12°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СШ
507.05 594.82 6.51

«Жұмысшы мамандықтары жылы»: тәлімгерлер облыс кәсіпорындарында оқудан өтті

Фото: atameken.kz

5.06.2025, 18:00 270 Жанаргүл Көкенайқызы

Облыста бизнес пен білім беру саласы арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ уақыт талабына сай, қиындықтарға төтеп беретін, бейімделе алатын білікті жұмыс күшін қалыптастыруға бағытталған тағы бір тың қадам жасалды, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Технология қарыштап дамып, мамандардың біліктілігіне қойылатын талаптар күн санап артып келе жатқан қазіргі кезеңде индустриялық аймақ кәсіпорындары үшін адами капиталға инвестиция салу ерекше маңызды болып отыр. Кадр даярлаудың тиімді жолдарының бірі – теория мен практиканы ұштастыратын дуалды оқыту жүйесі.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы тәлімгерлердің — дуалды білім беру процесінің негізгі қатысушыларының — құзыретін арттыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Жақында облыс кәсіпорындарында студенттер мен жас қызметкерлерге өндірісте жетекшілік ететін мамандарға арналған оқыту курсы өтті. Биыл әр саладағы 40-тан астам кәсіпорын қызметкері осы оқудан өтті. Қатысушылар тек білімдерін жетілдіріп қана қоймай, жұмыс орнында қолайлы әрі нәтижелі оқу ортасын қалыптастыруға сеп болатын пайдалы тәжірибе жинады. Бұл — кәсіпорындардың тұрақты дамуы мен түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін аса маңызды.

Курс аясында қатысушылар теориялық және практикалық мазмұны бар тақырыптарды қамтыды: тиімді нұсқау беру әдістері, еңбек қауіпсіздігі және қорғау негіздері, корпоративтік мәдениет, білім алушыларды ынталандыру тәсілдері, психология мен педагогика негіздері.

«Қазмырыш» ЖШС корпоративтік университетінің оқу орындарымен жұмыс жөніндегі бас маманы Ирина Елфимова семинар барысында тәлімгердің маман даярлау үдерісіндегі рөліне қатысты маңызды ақпарат алғанын атап өтті:

— Біздің компания 2021 жылдан бері дуалды оқыту бойынша жұмыс істеп келеді. Барлық оқу орындарымен тығыз байланыстамыз. Бізге келетін студенттер жалақы алады, оған қоса дуалды оқыту аясында стипендия да төленеді. Оларды практикалық дағдыларды игеруге ынталандырып отырамыз, — деді ол.

Екі күндік курстан өткен Өскемен ЖЭО қызметкері Сырым Өмірзақов оқытудың қолжетімділігі мен мазмұнына ризашылығын білдірді.

— Барлық сұрақтарға нақты жауап алдық. Бұл курс – облыс кәсіпорындарында дуалды оқыту жүйесін енгізудің негізгі кезеңдерінің бірі, — деді ол.

Ал ШҚО кәсіпкерлер палатасының өкілі Әсет Әділхан:

— Тәлімгерлер колледждермен және студенттермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сондықтан бұл курс бірлесіп маман даярлау барысында кездесетін мәселелерді анықтауға да көмектеседі, — деп атап өтті.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу