KZ
Өскемен
-14°
туман жел 1 м/с, С
502.89 527.03 5.71

Жұмысшы мамандықтары жылы: Өскеменде болашақ инженерлерді даярлау мәселесі қаралды (видео)

Бүгін, 14:20 81 Гульжан Мусина

Өскемен жылу орталығында «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» АҚ басқарушы компаниясымен бірлесіп, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Релейлік қорғаныс және автоматика: өндірістегі жұмысты ұйымдастыру, жас мамандарды даярлау және дамыту перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Қазақстандық коммуналдық жүйелер» АҚ техникалық директоры Айдын Бексолтанның айтуынша, коммуналдық жүйелер саласы үнемі жетілдіріліп, жаңа технологиялар енгізіліп, жұмыс тиімділігі артып келеді. 

- Қазіргі уақытта салада ауқымды цифрландыру және автоматтандыру процестері жүріп жатыр. Білім беру мен кәсіби дайындық – саланың дамуының негізгі факторларының бірі. Сонымен қатар, мамандардың өзгерістерге бейімделуіне және біліктілігін арттыруына көмектесетін өзекті оқу бағдарламалары мен біліктілікті арттыру курстарын қарастырамыз. Білім беру процестеріндегі инновациялар салаға мамандар даярлаудың ажырамас бөлігіне айналуда, – деді Айдын Бексолтан шара барысында онлайн форматта сөйлеген сөзінде.

«Өскемен ЖЭО» кәсіпорнының корпоративтік оқу орталығының жетекшісі Наталья Слабодчикова бұл шараның ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Себебі Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаған болатын.

- Осыған орай, біз жастарды мамандыққа дайындау мәселесін көтеріп отырмыз. Бұл мәселені қалай шешіп жатырмыз? Қазіргі таңда “Өскемен ЖЭО” жоғары оқу орындарымен серіктестік орнатуға және жас мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлуде. Бұған оқу-өндірістік тәжірибе, дуальды оқыту жүйесі және тәлімгерлік бағдарламалары кіреді. Айта кетерлігі, “Өскемен ЖЭО” базасында “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы тәлімгерлерді оқыту бағдарламасы аясында жеті маман біліктілігін арттырып, бүгінде сертификатталған тәлімгерлер ретінде елдің тәлімгерлер тізіліміне енгізілді. Мұның бәрі жұмысшы мамандықтарының сұранысқа ие болуына және студенттердің өздерін толыққанды маман ретінде сезінуіне ықпал етеді, – деді Наталья Слабодчикова.

Өскемен жоғары политехникалық колледжі 70 жылдан астам уақыт бойы осы салаға мамандар даярлап келеді. Бүгінде «Өскемен ЖЭО» қызметкерлерінің едәуір бөлігі – осы колледждің түлектері. Білікті мамандарды даярлау үшін кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатылған.

Бүгінде ең сұранысқа ие бағыттардың бірі – IT технологиялар. Сонымен қатар, релейлік қорғаныс саласы да ерекше маңызға ие, себебі бұл терең білімді қажет ететін мамандандырылған бағыт. Бұл сала бүкіл энергетика жүйесін қамтиды, ал релейлік қорғау жөніндегі инженер – жоғары білікті маман. Мұнда толыққанды қалыптасу үшін кемінде 10 жыл тәжірибе қажет.

Колледж директоры Исатай Исин дуалды оқыту жүйесінің маңыздылығына тоқталды.

- Дуалды оқыту – ерекше маңызға ие жүйе. Оның аясында 3-курстан бастап студенттердің 30%-ы жалақы төленетін өндірістік тәжірибеден өтеді. Бұл оларға тек білімін бекітіп қана қоймай, сонымен қатар мамандықты терең меңгеруге мүмкіндік береді. Одан бөлек, колледжді бітіргеннен кейін олар ЖОО-дағы бейінді кафедраларда оқуларын жалғастырып, оны жұмысымен ұштастырады. Бұл студенттерге өндірістік тәжірибе жинауға, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға және қосымша жеңілдіктер алуға мүмкіндік береді, – деп қосты Исатай Исин.

Іс-шара барысында салаға жаңа шешімдерді интеграциялау, озық технологияларды қолдану және даму стратегиялары кеңінен талқыланды.

Айна Ескенқызы

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Жәнібек Ырысбай


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу