Өскемендік оқушылар Бразилиядан 10 медаль әкелді

Өскемендік 10 оқушы Бразилияда өткен білім сайысынан 10 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Халықаралық «Mostratec» білім көрмесінің аясында ұйымдастырылған ғылыми жұмыстар олимпиадасында 40 мемлекеттің 1 мыңнан астам оқушысы бақ сынаған. Өскемендегі «Нұр Орда» мектеп лицейінің 10 оқушысы математика, биология және ағылшын тілі пәні бойынша жоба қорғап, жеңімпаз атанды. Нақты айтқанда, білгір шәкірттер елге 5 алтын, 2 күміс және 3 қола медальмен оралды.
– Біз математика пәні бойынша жоба қорғадық. Алтын медальді алғанда, қатты қобалжыдық, әрі қуандық. Бізбен бірге Бразилия, Аргентина, Турция елдерінен келген оқушылар жақсы нәтиже көрсетті, – дейді «Нұр Орда» мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Дария Исламбекова.
Айта кетуіміз керек, Қазақстаннан Бразилияға барлығы 31 оқушы барған. Ең көп медальді өскемендік оқушылар еншілеп отыр.
– Оқушылар үлкен бір тәжірбие жинады. Халықаралық додада топ жарған – жақсы, өзге ортамен пікір алмасау – одан да жақсы, – дейді «Нұр Орда» мектеп-лицейі директорының орынбасары Бекзат Мажитов.