Күршім ауданында өсім бар: бес айдың қорытындысы шығарылды

Фото: ШҚО ӨКҚ
Күршім ауданында ауыл шаруашылығынан бастап инфрақұрылым мен әлеуметтік салаға дейінгі негізгі бағыттарда оң серпін байқалады. Көктемгі егіс науқаны сәтті аяқталып, 23,2 мың гектар алқапқа жаздық дақылдар егілді. Сондай-ақ жылдық қуаттылығы 50 мың тонна болатын күнбағыс майын өңдейтін зауыт салынбақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Ауыл аманаты» және «Кең дала» бағдарламалары арқылы 32 кәсіпкерге 242 млн теңге қаржылай қолдау көрсетілді. 13 шаруа қожалығы заманауи техника сатып алды. Сонымен қатар Бұқтырма маңында туризм нысандары салынып, жаңа жобалар іске асырыла бастады.
Ауылішілік жолдармен қатар, облыстық маңызы бар бағыттар жөнделіп жатыр. Күршім ауылындағы айналма жолдың құрылысы басталған. Ауыз сумен қамтылған ауылдар үлесі 95,2%-ға жетсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 100%-ға жеткізілмек.
Ауданда 22 мектеп жұмыс істейді. Бірнеше елді мекенде мектептер мен балабақша салынып жатыр. Биыл 7 оқу кабинеті сатып алынып, жаңа 120 орындық балабақша ашу жоспарлануда. Денсаулық сақтау саласында 71 нәресте дүниеге келген, ана мен бала өлімі тіркелмеген. Израильде үш дәрігер білімін жетілдіріп келді. Аурухана бөлімшелерінде күрделі жөндеу жүргізіледі.
Биыл 135 мәдени іс-шара өткізіліп, 10 мың адам қамтылды. 119 спорт нысанында аудан тұрғындарының 41,5%-ы тұрақты түрде спортпен айналысады. Мемлекеттік тілді дамыту үшін 11 шара жоспарланған, тіл саясатына аудан бюджетінен қаражат бөлінген.
Шалғай ауылдарды мобильді интернетпен қамту бағытында антенна-діңгектер орнатылып жатыр. Бірқатар ауылда интернет сапасы айтарлықтай жақсармақ. Қоғамдық тәртіп сақталып, қылмыс саны екі есе төмендеген. Аудан аумағындағы саяси жағдай тұрақты.
Күршім ауданы алдағы уақытта да ауыл мен қаланы тең дамытуға басымдық бермек. Экономикалық белсенділік пен әлеуметтік тұрақтылықты сақтай отырып, алты айлық межені еңсеру көзделуде.