Өскеменде орманшылар мен ветеринарлар қауіпті ауруларға қарсы әрекет етуді үйренуде
18–19 маусым күндері Өскеменде жануарлардан адамға жұғатын қауіпті аурулар – зооноздарға қарсы әрекет етуді үйрететін мамандандырылған тренинг өтіп жатыр. Іс-шараны БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) ұйымдастырған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі таңда Қазақстан аймақтары жануарлардан адамға жұғатын түрлі аурулардың таралу қаупімен бетпе-бет келіп отыр. Климаттың өзгеруі, табиғи орман-тоғайлардың азаюы, жануарлардың көші-қоны – осының барлығы зооноздық аурулардың жиілеуіне әкелуде. Әсіресе шалғай елді мекендердегі жағдай күрделі, себебі ветеринарлық қызметтер мұндай жерлерге жедел жете бермейді. Мұндайда жабайы табиғатты қорғаушылардың рөлі ерекше.
ФАО-ның Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі Ербол Камсаевтың айтуынша, бұл тренинг табиғат аясында пайда болатын жұқпалы ауруларды ерте анықтап, оған тез әрі дұрыс жауап беру тәсілдерін үйретуге бағытталған.
Тренинг барысында қатысушылар сібір жарасы, құс тұмауы, бруцеллез сынды қауіпті аурулар туралы тереңірек мағлұмат алып, жабайы жануарлардың өлексесі табылғанда не істеу керектігін үйренді. Сонымен қатар, Ветеринария қызметі, Экология, Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау және Ішкі істер органдары арасындағы өзара байланыс, жұмыс алгоритмі талқыланды.
ШҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Мейрембеков бұл тренингтің маңызды екенін атап өтті:
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің өкілі Қуаныш Ишжанов жабайы жануарлардың өлексесін көргенде не істеу керектігін түсіндірді:
Тренингтің екінші күні – 19 маусымда – қатысушылар «Абзал» марал шаруашылығына барып, жабайы жануарлардан (марал, жабайы қабан, құстар) сынама алу, тасымалдау және құжат рәсімдеу жолдарын тәжірибе жүзінде үйренеді. Бұл жерде ветеринарлар нақты үлгілер (чучелалар) арқылы жұмыс барысын көрсетеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тренингтер зооноздық аурулардың таралуын бақылауға, әртүрлі сала мамандары арасындағы байланыс пен бірлескен жұмысты күшейтуге, табиғатпен жұмыс істейтін мамандардың қауіпсіздігін арттыруға сеп болады.
Фото/видео: Евгений Щетников