Литва архивтерінен Қазақстан тарихына қатысты тың деректер табылды
Литва Республикасындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында Қазақстан тарихы мен мәдениетіне байланысты бұрын-соңды жарияланбаған құнды құжаттар табылды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ізденіс жұмыстарын Қазақстанның Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінің мамандары жүргізген. Тарих ғылымдарының кандидаты, архив директорының орынбасары Сәуле Сатаева Вильнюс, Каунас және Клайпеда қалаларындағы архивтерде жұмыс істеп, бірқатар тарихи деректерді анықтаған.
Табылған материалдар арасында 1975 жылы Вильнюсте өткен Қазақ киносының күндері туралы деректер бар. Онда Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы делегациясының Литваға сапары, КСРО халық әртісі Нұрмұхан Жантөрин мен режиссер Сұлтан Қожықовтың литвалық көрермендермен кездесулері бейнеленген.
Бұдан бөлек, тың игеру жылдарында бұрынғы Көкшетау облысына барған литвалық мамандардың еңбегі жайлы құжаттар да табылған. Олар мектеп жанындағы лагерьлерде, медицина пункттерінде, құрылыс саласында еңбек етіп, жергілікті халықтың салт-дәстүрімен танысқаны жазылған.
Сапар аясында литвалық архив басшыларымен кездесулер ұйымдастырылып, екіжақты ынтымақтастықты дамыту жолдары талқыланды. Нәтижесінде XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ және литвалық әйелдердің бейнесіне арналған бірлескен фотокөрме өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.



