KZ
Өскемен
-12°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СШ
507.05 594.82 6.51

Катонқарағай – Қазақстан туризмінің жаңа бағытына айналуда

25.06.2025, 14:00 431 Айна Ескенқызы

2025 жылы Катонқарағай ауданында туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Табиғаты тамаша, емдік қасиеті бар өлкеде қазір бірнеше ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл – ауданның туристік әлеуетін күшейтіп, ішкі және шетелдік туристерді тартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қазір жалпы құны 12 миллиард теңгеден асатын 5 жоба қолға алынған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында аудан әкімі Данияр Дүйсембаев айтты.

Атап айтқанда, Топқайың ауылында халықаралық стандартқа сай «Wellness Resort» қонақүй кешені салынуда. Бұл нысан бір мезетте 120 адамды қабылдай алады. Құрылыс жұмыстарына 8,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Жобаны әлемдік деңгейдегі TOR’RE және Accor New East Europe компаниялары жүзеге асыруда.

Ақшарбақ ауылында «Верх-Катунь» пантымен емдеу орталығы кеңейтіліп жатыр. Қазірдің өзінде 100 орындық бұл орталыққа 400 млн теңге жұмсалған. Мұнда емдік туризмге басымдық беріліп, шипалы пантымен ем жүргізілмек.

Аршаты ауылында да тың бастама бар. Мұнда 100 адамға арналған «Altay Resort» курорттық кешені салынып жатыр. Жобаның құны – 2 млрд теңге. Табиғатпен етене тынығуға арналған кешен экотуризм бағытына бағытталған.

Өрел ауылында орналасқан «MuzTau» эко-отелі жанынан жаңа ресторан салынуда. Туристерге қызмет көрсету сапасын арттыруға арналған бұл жобаға 200 млн теңге инвестиция салынған.

Катонқарағай ауылында «ALTAY TERRA RESORT» кешені бой көтереді. Бұл нысан заманауи демалыс үйлері мен ұлттық киіз үйлерден тұратын бірегей кешен болмақ. 500 млн теңге көлемінде қаражат тартылған. Сонымен қатар, мұнда жергілікті өнімдер дүкені, ұлттық стильдегі монша, балалар алаңы мен табиғатпен үйлескен терраса салынбақ.

– Катонқарағай – табиғаты ерекше аймақ. Біз бұл жобалар арқылы ауданды туризмнің жаңа деңгейіне көтеруді көздеп отырмыз. Мемлекет тарапынан қолдау бар, енді жеке инвесторлар да белсенді қатысып жатыр. Бұл – тек туризм емес, ауданның экономикасы мен халықтың табысын арттыратын нақты қадам, – деді аудан әкімі Данияр Дүйсембаев.

Фото: Жібек Нұрахмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу