KZ
Өскемен
-9°
пасмурно жел 3 м/с, З
512.83 600.58 6.36

Абай - 180: Алтай ауданы мерейтойға белсенді дайындалып жатыр

29.07.2025, 16:30 266 Серік Құсанбаев

Биыл халқымыз ұлы ақын, кемеңгер ойшыл, дана философ Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын атап өтуде. Осы айтулы датаға орай ШҚО-дағы Алтай ауданында бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, мерейтойға тыңғылықты дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аудан әкімі Ренат Құрмамбаевтың айтуынша, қаланың көрнекі жеріне Абай Құнанбайұлы бейнеленген мурал салынуда. Сонымен қатар қалалық №11 орта мектептің базасында Абай залы ашылған. «Ұлы ойшылдың мұрасын зерделеуге, ұғынуға бағытталған түрлі танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр», – дейді әкім.

Алтай қаласының тұрғыны Оксана Скоснягина мерейтой қарсаңындағы дайындық шараларына оң бағасын беріп отыр:

– Ұлы жазушының мерекесі жақындап келе жатқанын қатты сезінеміз. Абай муралы өте әсем салынған. Онда ойшылдың рухы, жан дүниесі көрініс тапқан. Біз қатты әсер алдық.

Жақында өткен дөңгелек үстел барысында жастар өкілі Антон Кузнецов өз әсерімен бөлісті:

– Абайдың тұлғасы – ерекше. Ол тек ақын, композитор, философ қана емес, ағартушы ретінде де халқына қалтқысыз қызмет етті. Ұлы ойшылдың есімі Қазақстаннан тыс елдерде де белгілі. Бұл жайында біз ақсақалдармен және аға буын өкілдерімен пікір алмастық.

Абай шығармаларын оқи отырып, оның халқының алға ілгерілеуін қалайтынын, осы мақсатта білім мен ғылымды басты орынға қойғанын аңғарамыз. Бұл жөнінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абайдың асыл арманы – елінің ілгері басып, дамуы. Ол осы идеяны барынша насихаттады. Ал ілгері дамудың негізі – білім мен ғылым» деп атап өткен еді.
Расында, Абайдың даналығы мен өлмес мұрасы – рухымызды көтеріп, биік мұраттарға жетелейтін баға жетпес құндылық.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу