ШҚО-да XXIII Халық ойындары өз мәресіне жетті
Бүгін Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығында XXIII Халық ойындарының жеңімпаздары марапатталды. Биылғы жарыстар Конституцияның 30 жылдығына және Спорт күніне арналды. Додаға 1 500-ден астам спортшы қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Халық ойындары екі кезеңде өтті. 8-14 шілде аралығында алғашқы кезең Катонқарағай ауданында ұйымдастырылды. Мұнда спортшылар көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, бәйге, жорға жарыс және қазақ күресі сияқты ұлттық спорт түрлерінен бақ сынасты.
Ал 11-16 тамыз аралығында Өскеменде өткен екінші кезеңге футбол, волейбол, үстел теннисі, президенттік көпсайыс, жеңіл атлетика, шахмат, тоғызқұмалақ, қол күресі, арқан тартыс, гір көтеру, асық ату мен садақ ату сияқты спорт түрлері кірді.
Сайысқа аймақтың әр ауданы мен қалаларынан келген 1 500-ден астам спортшы қатысты.
Айта кетейік, Халық ойындары өңірде біраз жыл өтпей қалған еді. Бұл дәстүр 2024 жылдан бастап қайта жанданды. Жарыс ұлттық спортты насихаттап, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.
Жарыстың қорытындысы бойынша:
Бірінші орынды – Өскемен қаласының командасы;
Екінші орынды – Тарбағатай ауданы;
Үшінші орынды – Глубокое ауданы иеленді.
Елизавета Седых
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Руслан Акматалиев















