KZ
Өскемен
-5°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОШ
519.61 610.13 6.54

Өскеменде халықаралық автошеру мәресі өтеді

19.08.2025, 14:00 823 Төлеуғазы Жансая

16 және 23 тамызда Өскемен қаласы тағы да халықаралық деңгейдегі ауқымды спорттық оқиғаның орталығына айналады. Бұл күндері мұнда әлемнің ең ерекше автошеру жарыстарының бірі саналатын «Mongol Rally» халықаралық ралли-марафонының мәресі өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мыңдаған шақырымдық сапардың соңғы нүктесі – Өскемен

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, раллидің басталуы биылғы жылдың 13 шілдесінде Чехия астанасы – Прага қаласында өтті. Осы уақыт аралығында қатысушылар мыңдаған шақырымдық жолды еңсеріп, ондаған елді, жүздеген елді мекенді артта қалдырды.

Жарысқа 20-дан астам елден 106 команда, барлығы 273 қатысушы тіркелген. Қатысушылар түрлі елдердің табиғаты мен мәдениетін тамашалап қана қоймай, төзімділік пен шыдамдылықтың нағыз сынағынан өтуде.

Өткен жылы «Mongol Rally» марафонының мәресі алғаш рет Өскеменде ұйымдастырылған болатын. Бұл шара қала тұрғындары мен қонақтары үшін үлкен қызығушылық тудырып, өңірдің туристік күнтізбесінде жарқын оқиға ретінде есте қалды.

Биылғы жылы да Өскемен мәрелік нүкте ретінде таңдалып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, логистика жетілдіріліп, қатысушыларды қарсы алу деңгейі жаңа деңгейге көтеріледі. Бұл өз кезегінде өңірдің халықаралық туристік беделін арттыруға және оқиғалы туризмді дамытуға үлкен үлес қоспақ.

23 тамызда мәреге 57 команда (146 адам) шығады.

Осылайша, қала қонақтары мен тұрғындары екі апта бойы әлемдік деңгейдегі жарысқа куә болып, халықаралық қатысушылармен жақын танысу мүмкіндігіне ие болады.

Жарыстың мәрелік шаралары Өскемен қаласындағы Достық Үйінде (бұрынғы Металлургтер мәдениет сарайы, мекенжайы: Н.Назарбаев даңғылы, 68) өтеді.

Қала тұрғындары мен қонақтары үшін ең үлкен мерекелік шара 23 тамыз күні сағат 14:30-да ұйымдастырылмақ. Бұл күні автошеру қатысушыларын қарсы алу рәсімі өткізіліп, келушілер халықаралық қарым-қатынастың, достықтың және ерекше драйвтың атмосферасын сезіне алады.

Фото: Шығыс Қазақстан облысының туризм басқармасы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу