Өскемендік тауар өндірушілер ел нарығын бағындырып жатыр
Бүгін, 27 тамызда облыс орталығында «Өскемен өнімі» көрмесі өтті. Оған өз өнімін өзі өндіретін өскемендік кәсіпкерлер қатысты. Жалпы саны 110-ға жуық бизнес субъектісі тауарларын ұсынды. Олардың бір бөлігі жергілікті нарыққа енді ғана қадам басса, енді бірқатары өз өнімдерін басқа қала, облыстарға жеткізіп, белсенді дамып, ауқымын кеңейтіп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Дәстүрлі көрме «Гостиный двор» сауда кешенінде ұйымдастырылды. Қатысушылар арасында жаңа бастаған кәсіпкерлер де, табысты әрі тәжірибелі бизнес өкілдері де бар.
Келушілердің назарын электр жабдықтары, саябақ жүйелері мен шамдар ұсынылған стенд өзіне аударды.
Көрмеге әлеуметтік кәсіпкерлер де қатысты. Соның бірі – облыс орталығынан келген Алексей Кирюхов. Оның компаниясының негізгі бағыты – халық тұтынатын тауарларды өндіру. Сонымен қатар ол сотталған азаматтарды жұмыспен қамтиды. Қазір ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған әдістемелік құрал әзірлеумен айналысып жүр.
Кейбір кәсіпкерлер өңірде бұрын болмаған тауар түрлерін ұсынып отыр.
Компания кондиционерлерге арналған себеттер де өндіреді. Қазіргі кезде құрылысшылар жаңа үйлердің қасбетінде арнайы қораптар мен себеттер орнатуға тиіс. Бұрын оларды өзге өңірлерден тапсырыс беріп алдырса, енді жергілікті кәсіпорыннан сатып алу арқылы логистика шығындарын үнемдей алады.
Көрмеге толық циклді ойын алаңы жабдықтарын шығаратын компаниялар да қатысты. Олар воркаут кешендері мен спорттық құрылғылар өндіреді. Негізінен өнімдері балабақшаларға, мектептерге және қала аулаларын абаттандыруға арналады.
Мұндай көрмелер жаңа серіктестер табуға, келісімшарттар жасауға және кәсіпкерлердің әлеуетін көрсетуге мүмкіндік береді.
«Өскемен өнімі» алаңында шағын шеберханалар да өз жұмыстарын таныстырды.
«Креативті индустрияларды дамыту орталығы» КММ директорының міндетін атқарушы Назым Шайзанованың айтуынша, биылғы жәрмеңкеге көптеген креаторлар шақырылған. Олар шығармашылықпен айналысып, өз бұйымдарын ұсынып, кейін оны коммерцияға айналдырады. Көбісі ұлттық нақыштағы әшекейлер, киім-кешектер, кәдесыйлар жасайды. Осы арқылы жас кәсіпкерлер жергілікті экономиканы дамытумен қатар ұлттық мұраны сақтап, насихаттауға да үлес қосуда.
Қала әкімінің айтуынша, «Өскемен өнімі» алдағы уақытта тек жергілікті деңгейдегі шара ғана емес, кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған дотация, грант, несие секілді кешенді қолдау шараларын қамтитын ауқымды жобаға айналмақ.
Елизавета Седых
Фото: Александр Шушеньков














