KZ
Өскемен
-25°
небольшая облачность жел 2 м/с, СШ
518.39 603.09 6.68

Шығыс Қазақстан колледждеріне 7 мыңнан астам студент қабылданды

2.09.2025, 14:45 230 Әбішев Ержан

Аймақтағы білім беру мекемелерінде жаңа оқу жылы басталды. Қазіргі таңда техникалық кадрларды даярлау ел экономикасын дамытудың негізгі тетігі болып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жастардың сұранысқа ие мамандықтарды таңдауы – жеке жетістік қана емес, сонымен қатар елдің ортақ болашағына қосылған үлесі.

– Биыл Шығыс Қазақстан облысындағы колледждерге 7 мыңнан астам студент қабылданып, тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Айрықша атап өткім келеді, осы жылы колледждер маңызды қадам жасап отыр – елдің стратегиялық басымдықтарына сай жаңа, келешегі бар мамандықтар ашылуда. Бұл – су және әуе көлігі, логистика, сондай-ақ қауіпсіздік салалары, – деді аймақ басшысы студенттер алдында сөйлеген сөзінде.

Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялау туралы шешімінің айрықша мәнге ие екенін атап өтті. Бұл бастама мемлекет тарапынан адами капиталды дамытуға, техникалық және кәсіптік білім берудің беделін арттыруға, сондай-ақ колледждер мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді. Мұндай бағыт заманауи еңбек нарығының талаптарына сай мамандар даярлауға жол ашады.

– Биылғы оқу жылында біз 508 жаңа студент қабылдадық, олардың 168-і тікелей жұмысшы біліктіліктеріне оқуға түсті. Екі жаңа мамандық – «Жаңартылатын энергетика» және «Қашықтан басқарылатын ұшқышсыз авиациялық жүйелер» мамандықтары бойынша сәйкесінше 41 және 20 студент қабылданды, – деді Өскемен жоғары политехникалық колледжінің директоры Исатай Исин.

Өскемен жоғары политехникалық колледжі 1953 жылы құрылған. 70 жылдан астам уақыт ішінде оқу орны 25 мыңнан аса білікті маман даярлады. 2022-2023 оқу жылында «Үздік колледж» мәртебесін иеленді. Сонымен қатар «Electrical» бағыты бойынша америкалық NCCR стандартына сәйкес халықаралық аккредитациядан өтті. 2019 жылдан бері колледжде IT және энергетика бойынша құзыреттер орталығы жұмыс істейді. Оның арқасында WorldSkills қозғалысының стандарттары енгізілген. Студенттер мехатроника, өнеркәсіптік автоматика, мобильді робототехника, электрмонтаж, мобильді қосымшаларды әзірлеу, CAD-графика және басқа да күрделі технологиялық құзыреттерді меңгеруде.

– Президенттің бастамасымен осы оқу жылынан бастап еліміздегі барлық оқу орындарында бірыңғай тәрбиелік бағдарлама – «Адал азамат» енгізілді. Бұл бағдарлама жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды, патриотизмді, еңбексүйгіштікті, жауапкершілікті және заңға құрметті қалыптастыруға бағытталған, – деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.

Оқу орны «Жас маман», «Серпін» жобаларына, Дүниежүзілік банктің бағдарламаларына белсенді қатысады. AES және GIZ халықаралық ұйымдарымен бірлесе отырып, энергия үнемдеу технологияларын енгізу және еңбек қауіпсіздігі бойынша жұмыс атқаруда.

Сонымен қатар колледж Еуропалық білім беру қорының «Darya» пилоттық жобасына енген. Жоба аясында құзыреттілікке негізделген сабақтарды жоспарлаудың заманауи құралдарын енгізу қарастырылған. Сондай-ақ қазақстандық және шетелдік жетекші ЖОО-лармен және колледждермен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалған. Бұл тәжірибе алмасуға, тағылымдамалар ұйымдастыруға, бірлескен жобалар өткізуге және халықаралық білім беру кеңістігіне кірігуге жол ашады.

Бүгінде өңірде нақты сектор үшін техникалық мамандар даярлауға баса назар аударылуда.

Дамир Омаров
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу