KZ
Өскемен
+9°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
477.62 527.67 5.25

Атқарылған жұмыс аз емес, алда тұрған міндеттер одан да көп

16.08.2024, 18:10 235 Анель Слямғазықызы


Ұлан ауданының тұрғындарымен кездесуде облыс әкімі Ермек Көшербаев алғашқы жартыжылдықта атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы мақсат-міндеттер туралы айтты. Оның ішінде Ұлан ауданының әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын тілге тиек етті.

Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы ұландықтарға ауданның жаңа әкімін таныстырды. Бұл лауазымды қызметке Зайсанның тумасы Арман Бекбосынов тағайындалды. Арман Ілиясұлының мамандығы – автокөлік жолдарының құрылысшы-инженері. Бұның алдында ол Павлодар облыстық қала құрылысы және жерді бақылау басқармасының басшысы қызметін атқарған. Оның басқару және бақылау саласындағы мол тәжірибесі Ұлан ауданын одан ары дамытуға оң ықпал етері сөзсіз.

Туризмді дамыту

Халықпен кездесуде облыс әкімі ауыл туризмін алға бастыру үшін алдымен қызмет көрсету сапасын арттыруға көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Тамаша табиғатымен әйгілі Шығыс өңірінде туризмнің әлеуеті өте жоғары. Ал туризмді дамыту кәсіпкерліктен бөлек елуден астам өзге де сабақтас саланың өркендеуіне тың серпін беріп, мультипликативті әсер ететіні сөзсіз. Нәтижесінде бюджетке қосымша кіріс кіреді.

Өңір басшысы ауыл туризміне айрықша көңіл бөлу керектігіне ерекше тоқталды.

– Ауыл туризмін түлетіп отырған Коробиха, Зимовье, Поперечное ауылдарындағы сияқты қонақ қабылдайтын дайын үйлерді дамыту қажет. Қонақ үй бизнесін дұрыс жолға қоя білсе ауыл тұрғындарының үйді жалға беру арқылы жақсы табыс табуға, жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндігі бар, – деп түсіндірген өңір басшысы Ермек Көшербаев жаңадан тағайындалған аудан әкіміне Ұланда туризмді дамытудың жоба-жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Жол жылы

Биыл аймақта Жол жылы аясында жалпы ұзындығы 600 шақырым жол мен көшелерді жөндеу жоспарланған. Оның ішінде Ұлан ауданында облыстық, аудандық және жергілікті маңызға ие 46,8 шақырым жол жөнделеді.

Осы орайда облыс әкімі туризм саласының дамуы көлік жолының сапасымен тығыз байланысты екеніне назар аударды. Әсіресе, белгілі туристік бағыттардағы жолдың сапалы болуы өте маңызды. Бұл ретте өңірде демалыс орындарына апаратын жалпы ұзындығы 121 шақырым жолды жөндеу көзделген.

– Тұрғындар тарапынан айтылып жатқан шағымдарды ескере отырып аудан әкіміне Дұбығалы, Шыбындыкөл және Сартымбет көлдеріне кіре беріс жолдарды жөндеу үшін биыл жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеуді тапсырамын, – деді өңір басшысы.

Ауыл медицинасын жаңғырту

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін өңірімізде 19 медицина нысанын салу жоспарланған, соның біреуі осы Ұлан ауданының Тройницк ауылында бой көтереді.

Облыс әкімінің айтуынша, ауданда бұрыннан жұмыс істеп тұрған фельдшерлік-акушерлік пункттердің жағдайын жақсартуға және медицина қызметкерлерін оқытуға бюджеттен қаражат қарастырылған.

– Сонымен қатар тоғыз нысанға, оның ішінде Герасимовка, Айыртау ауылдарының медициналық пунктін күрделі жөндеуге және материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға, мамандарды шетелде оқытуға 5,8 млрд теңге қаражат қарастырылған, – деді Ермек Көшербаев.

Одан бөлек биыл Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде салынып жатқан аудандық аурухананың құрылысы аяқталуға тиіс.

– Асубұлақ пен Привольное ауылдарының халқы жергілікті дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізу қажеттігін айтып мәселе көтерді. Денсаулық сақтау, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларына келер жылы аталған амбулаторияларға күрделі жөндеу жұмыстарын жоспарлауды тапсырамын, – деп нақтылады өңір басшысы.

Сондай-ақ ол жергілікті депутаттар көтерген Таврия ауылындағы аудандық ауруханаға көрделі жөндеу жүргізу мәселесі де оң шешім тауып, көптің көңілін жайландырғанын айтты. Жобаның құны – 633,8 млн теңге.

Ауызсумен қамтамасыз ету

Қасым Қайсенов пен Отрадное елді мекендерінің жеті мыңнан астам тұрғыны сапалы ауызсумен қамтамасыз етілетін болады.

– Менің тапсырмам бойынша биыл Отрадное ауылында су құбыры желісін тарту, Қасым Қайсенов кентінде су құбыры желісін қайта қалпына келтіру жұмыстары басталады. Оған бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлінген, – деді Ермек Көшербаев.

Бұл ретте аймақ басшысы бейінді ведомстволарға ауызсудың сапасын тексеріп, санитарлық талаптарға сәйкес химиялық құрамын зерттеуді тапсырды.

Сонымен қоса аудан басшылығы Асубұлақ кентіндегі су құбыры желісін қайта қалпына келтіру үшін тиісті құжаттарды әзірлеп жатқанын айта кеткен абзал. Жобаны іске асыру мерзімі – 2025 жыл.

Интернет байланысы

Бүгінгі таңда Ұлан ауданында халқының жалпы саны 33,5 мыңнан асатын 45 елді мекен бар. Осы ауылдардың 30-ы немесе бүкіл аудан халқының 90 пайызы кеңжолақты интернетке қосылған. Қалған 10 пайызы алдағы үш жылда жаһанды жаулаған ғаламтор желісіне қол жеткізетін болады.

Облыс әкімінің айтуынша, 2027 жылға дейін ауданның шалғайдағы 15 ауылы интернетке кезең-кезеңімен қосылмақ. Биыл сапалы интернеттің игілігін 250 және одан да көп халқы бар Отрадное, Алғабас, Борсақ, Казачье, Восточное, Украинка, Макеевка, Смолянка, Жоғары Тайынты, Тройницкое ауылдары көреді.

2026 жылы халқының саны 100-ден 250-ге дейінгі үш ауыл –Сарыөзек, Жантас және Манатқа да ғаламтор желісі жетеді. Ал 2027 жылы Мирный мен Азовое ауылдарының халқы иентернетке қосылмақ.

Сонымен қатар аймақ басшысы Ұлан ауданының жалпы білім беретін 12 мектебінде биыл «Starlink» кешені орнатылғанын жеткізді.  

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив