Жұмыртқа мен күріштің қымбаттау себебі не?
ШҚО-да жұмыртқа бағасының өсуі құс фабрикаларына мемлекет тарапынан субсидиялардың болмауы, коммуналдық қызметтер, жанар-жағар май, жем, дәруменді қоспаларға бағалардың өсуіне байланысты болса, күріш бағасының қымбаттауына Қызылорда облысы өндірушілерінің көтерме бағасының өсуі негіз болған.
Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы сауда саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі бөлім басшысының міндетін атқарушы Жадыра Ерланова мәлімдеді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
- Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі жыл басынан бері облыс бойынша 105,7% құрады. Соңғы аптадағы бағаның өсімі республика деңгейінен 0,1% жоғары. Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуін тежеу бойынша жұмыстар жалғасуда. «Айналым схемасын» іске асыруға бюджеттен 4,2 млрд.теңге қаражат бөлінді. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес баға белгілеудің барлық тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік Комиссия жұмыс істейді. Бағаны ұстап тұру жұмысы тұрақты бақылауда, - деді кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы сауда саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі бөлім басшысының міндетін атқарушы Жадыра Ерланова.
«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бағаны тұрақтандыру департаментінің директоры Артем Демидовтің сөзінше, әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарларының тізбесінде 19 түрлі көкөніс пен азық-түлік бар.
Комиссия шешіміне сәйкес қазір 9 түрлі азық-түлікке қатысты тұрақтандыру тетіктері іске асырылып жатыр. 2023-2024 жылдардағы маусымаралық кезеңде 10 мың тоннаға жуық жеміс-көкөніс өнімдеріне келісімшарт жасалған. Жеміс-көкөніс өнімдерін сату әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының 24 сауда павильоны мен өнімді өткізу туралы меморандум жасасқан 34 сауда нүктесі арқылы жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек апта сайын ауылшаруашылық жәрмеңкелері тұрақты ұйымдастырылады. Қаңтар айынан бастап 447 жәрмеңке өткізіліп, онда 1,7 млрд. теңгенің өнімі сатылған.
Автор: Айжанат Бақытқызы