Өскеменде Жаңа жылға дайындық басталып кетті
Өскеменнің орталық алаңында шырша орнатылып жатыр. Ал қала әкімдігі болса үздік жаңа жылдық безендіру бойынша байқау жариялап та үлгерді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен брифинг барысында айтылды.
Өскемен әкімінің орынбасары Тамара Рахимжанованың айтуынша, қала әкімі Жақсылық Омардың тапсырмасымен ғимараттарды үздік безендіру бойынша байқау жарияланған. Байқауға әр түрлі мекемелер мен ұйымдар, дүкендер және т.б. қатыса алады. Байқау екі номинация бойынша өтеді: «Үздік тақырыптық безендіру» және «Үздік түнгі жарықтандыру». Қорытындысы айдың соңында белгілі болмақ.
Байқаудың қорытындысын шығаратын арнайы комиссия құрылып отыр. Онда жеті адам кіреді.
- 10 ұпайлық жүйе бойынша қаралады. Жаңа жыл тақырыбындағы креатив, дизайн, көркемділік, эстетика – барлығы ескеріледі. Жаңа жылдық безендіруден бөлек байқауға қатысатын нысандардың санитарлық жағдайы да басты критерий болмақ, - дейді Тамара Рахимжанова.
Айтпақшы, шыршаның шамдары Тәуелсіздік мерекесінен кейін 17 желтоқсан күні кешке қосылады.