Алаш жұрты асыға күткен «Амал» да келіп жетті
көрнекілік сурет: turanews.kz
Қаһарлы қыс кетіп, көңілге шуақ сыйлар көктем мерекесі де келіп жетті. Бүгін Алаш жұрты асыға күткен Амал мерекесін қарсы қалды. Көрісу күніне орай еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, қыстан аман шыққан жұрт бір-бірімен мерекелік көңіл-күймен қауышты.
Биыл жұрт Наурыз мейрамын жаңашылдықпен қарсы алмақ. Наурыз мейрамының мазмұнын байытып, ұмыт қалған ұлттық құндылықтарды жаңғырту мақсатында мейрамды тойлаудың тұжырымдамасы бекітілді. Елімізде 14 наурыздан бастап «Наурыз-базарлық» маусымы жарияланып, жаппай сатылымдар мен жеңілдіктер қарастырылған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Тұжырымдамада көрсетілгендей, онкүндік іс-шаралар легі Амал мерекесінен басталады. Бұл күні жасы үлкендерге арнайы сәлем беріп, құрмет көрсету, қонақ күту, ізгі тілек айту салты қалыптасқан.
Бұл дәстүр кешірім мен өзара құрмет арқылы халықтың бірлігін – азаматтардың бір-біріне жақындығын, ортақ мақсат жолында бірігуін білдіреді.
Сондықтан «Амалдың» әрбір сәті шаттық пен қуанышқа, мейірім мен жанашырлыққа толы болары сөзсіз. Бұл дәстүр ел жаңаруының жаршысы ретінде табалдырықтан аттағалы тұрған Ұлу жылын зор үмітпен және нық сеніммен бастауға жақсы себеп болмақ.